14.09.2021, 21:59 10102

Азық-түлік бағасының тамыз айындағы өсуі 2008 жылдан бері ең жоғары болды - Досаев

Ұлттық банк басшысының айтуынша, Қазақстанда биылғы сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады.
НҰР-СҰЛТАН. 14 ҚЫРКҮЙЕК - Тамыз айында азық-түлік бағасының өсуі 2008 жылдан бері ең жоғары болды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық Банк басшысы Ерболат Досаев мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, азық-түлік нарықтарында сақталып отырған теңгерімсіздік әлемдегі, тиісінше Қазақстандағы инфляция динамикасына теріс әсер етуде.
 

Бүкіл әлемдегі өндірушілер шикізат пен дайын өнімнің жеткізілімдері мен жоғары бағаларының сақталып отырған проблемалары туралы хабарлады. Сұраныстың айтарлықтай өсуі аясында өндірушілер негізгі компоненттердің жетіспеушілігіне және шикізат тауарлары бағасының өсуіне тап болып, өнімді тасымалдау мүмкіндігі үшін бір-бірімен бәсекелесуге мәжбүр болды. Бұл фрахт ставкаларының рекордтық деңгейге дейін өсуіне, сондай-ақ экспорттаушылар бағасының жоғарылауына алып келді. Контейнерді жөнелту құны 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,4 есе өсті, бұл бағаның алдағы уақытта көтерілетінін білдіреді. Осыған орай өндірушілердің бағасы Америка құрама штаттарында 7,7%, Еуроодақта 12,2%, Қытайда 9% ең жоғары мәндерге жетті. Қазақстандағы жеткізулер мен шикізат бағасының жоғары болу проблемасына байланысты өндірушілер бағасының жылдық өсімі биылғы шілдеде 14,2%-ке жетті. Қазақстандағы экономиканы қалпына келтіру дайын өнімге сұраныстың өсуі аясында өндірістік қуат көздері жүктемесінің, өндіріс көлемінің өсуіне әкеп соғады. Ұлттық банк жүргізетін нақты сектор кәсіпорындарының пікіртерімі кәсіпорындардың дайын өніміне сұраныстың өсуін көрсетеді, ол дайын өнім бағасының тез арада үдей түсуіне жалғасады".

 
Атап айтқанда, Досаевтың айтуынша, әлемде қант, өсімдік майы мен астық бағасы өсуде.
 

Бидай дақылдарынан алынатын астық түрлерінің нашарлауына байланысты дәнді дақылдарға әлемдік баға индексі 129,8-ге дейін, өсімдік майларына әлемдік баға индексі ұсыныстың қысқаруы және сұраныстың өсуі нәтижесінде 165,7-ге дейін, қантқа әлемдік баға индексі Бразилиядағы құрғақшылық салдарынан 2017 жылғы ақпаннан бастап ең жоғарғы баға – 120,1-ге дейін өсті".

 
Биылғы сәуірден бастап тамыз аралығында жылдық инфляция 7%-тен 8,7%-ке дейін жылдамдады.
 

Маусымдық тазартылған базалық инфляция, яғни көкөністер мен жемістер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметтері мен энергия ресурстары бағасының өсуін есепке алмағандағы инфляция тарихи орташа мәндерден 25%-ке жоғары болды және орнықты инфляциялық процестердің қалыптасуын көрсете отырып, 0,75% болды. Тұтыну бағасының жиынтық индексінің 51%-ін құрайтын азық-түлік инфляциясы тарапынан бағаларға негізгі қысым көрсетіледі. Оның жылдық өсуі бір айда 0,4 пайыздық тармаққа жеделдеп, осы жылғы тамызда 11,4%-ке жетті. Ет, көкөністер, май және қант бағасының өсуі байқалады. Жем-шөп дақылдарының құны ет өндірісінің өзіндік құнының 70%-ін құрайды. Өндірушілер бағасының өсуі және сұраныстың қалпына келуі аясында жанар-жағармай бағасының өсуі жалғасуда, бұл киім-кешек және аяқ киім бағасының да өсуін жеделдетеді. Шекті тарифтердің көтерілуіне байланысты электр энергиясы бағасының өсуі 10,1%-ті құрады. Сұранысты қалпына келтіру аясында тұрғын үйді жалға алу бағасы, қоғамдық тамақтану, газ және жолаушылар әуе тасымалы бағасы өсті", - деді Ұлттық Банк басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны