07.03.2007, 15:06 3477

Банктердің экономикаға кредиттері бойынша негізгі борыштың жалпы көлемі 2007 жылғы қаңтарда 1,4%-ға ұлғайды

АЛМАТЫ. 7-наурыз. Kazakhstan Today. Банктердің экономикаға кредиттері бойынша негізгі борыштың жалпы көлемі 2007 жылғы қаңтарда 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,4%-ға ұлғайды және 4803,6 млрд. теңгені құрады.

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Инуар Сәйденов бүгін еліміздің қаржы нарығындағы ахуалға арналған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ұлттық валютадағы кредиттер бір айда 0,9%-ға ұлғайып, 2483,2 млрд. теңгені құрады, ал шетел валютасындағы кредиттер 2%-ға ұлғайды және 2320,5 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 51,9%-дан 51,7%-ға дейін төмендеді.

Ұзақ мерзімді кредиттер 3552,3 млрд. теңгені құрап, 3%-ға өсті, ал қысқа мерзімді кредиттер 1251,3 млрд. теңгені құрап, 2,8%-ға төмендеді. Жиынтығында ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 72,8%-дан 74,0%-ға дейін артты.

Қаңтарда заңды тұлғаларға берілген кредиттер 0,3%-ға ұлғайды және 3205,2 млрд. теңгені құрады, ал жеке тұлғаларға кредиттер 3,8%-ға ұлғайып, 1598,5 млрд. теңгені құрады. Жиынтығында жеке тұлғаларға кредиттердің үлес салмағы 32,5%-дан 33,3%-ға дейін артты.

Банктердің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне кредиттері қаңтарда желтоқсандағымен салыстырғанда 2,4%-ға ұлғайып, 882,5 млрд. теңге болды.

Cалалық бөлінуде экономиканың сауда (23,6%), құрылыс (13,6%), өнеркәсіп (10,7%) және ауыл шаруашылығы (4,4%) сияқты салалары барынша белсенді түрде кредиттелуде.

2007 жылғы қаңтарда 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жеке тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы ставкасы 18,0%-дан 18,7%-ға дейін көтерілді, заңды тұлғаларға кредиттер бойынша 12,2%-дан 12,9%-ға дейін көтерілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны