31.05.2010, 17:53 9036

Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің жаппай қырылуына ауаға техногендік тастандылар тастау себеп болуы мүмкін

"Бұл ретте ғалым ретінде мен оған күмән келтіремін. Себебі, сол 17 мамыр күні, алғашқы өлген киіктер табылған кезде жануарлар жаппай қырылған жерлерде тұман түскен, тұманнан кейін сұрғылт түсті бұлт пайда болған, ал бұл - объективті шындық болуы мүмкін, себебі, жануарлардың қай кезде қалайша қырылғаны жайлы жергілікті халық жақсы білетін шығар", - деді А. Бекенов.

Алматы. 31 мамыр. Kazakhstan Today - ҚР Білім және ғылым министрлігінің Зоология институтының профессоры, биология ғылымдарының докторы Аманқұл Бекеновтың пікірінше, Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің жаппай қырылуына ауаға техногендік тастандылар тастау себеп болуы мүмкін. Бұл туралы ол бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мал дәрігерлік қызмет мамандарының ақбөкендердің жаппай қырылуына пастереллез дертінің белең алуы себеп болуы мүмкін деген тұжырымына қатысты берген түсініктемесінде мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бұл ретте ғалым ретінде мен оған күмән келтіремін. Себебі, сол 17 мамыр күні, алғашқы өлген киіктер табылған кезде жануарлар жаппай қырылған жерлерде тұман түскен, тұманнан кейін сұрғылт түсті бұлт пайда болған, ал бұл - объективті шындық болуы мүмкін, себебі, жануарлардың қай кезде қалайша қырылғаны жайлы жергілікті халық жақсы білетін шығар", - деді А. Бекенов.

Оның пікірінше, "сол күні, немесе, 15 - 16 мамырда Атырау зауытында (дәл қайсы екенін ол нақтыламады - агенттік ескертпесі) апат болды деген пікір бар". "Атмосфераға улы заттар тасталған. Егер солтүстік-батысқа қарай жел соқса, улы заттар солай қарай өтеді", - деді профессор.

Дегенмен, бұл орайда А. Бекенов жануарлардың жұқпалы дерттен қырылуы мүмкін екендігін де жоққа шығармайды. "Пастереллез - жұқпалы дерт болғандықтан, ол да бір себеп болуы мүмкін. Бірақ, мен паразитолог, бактериолог маман ретінде оған сенбеймін", - деді маман.

"1988 жылдың мамыр айында Қазақстанда 270 - 280 мың киік қырылған. Сол кезде барлық мүдделі мекемелер - мал дәрігерлік басқармалар мен ғылыми-зерттеу институттары, тіпті Мәскеуден Бүкілодақтық ветеринарлық институттан да адамдар келді, - сол кезде де сынамалар алып, бізге "бұл жайтты жан-жақты зерттеп, қорытындысын хабарлаймыз" деп уәде берген. Жан-жақты зерттеп, түпкілікті нәтижесі хабарланады деп біз сендік. Бірақ бүгінгі күнге дейін пастереллезден басқа ешбір мәлімет бізге берілген жоқ. Басылымдарда да пастереллезден басқа себептері жария етілмеді", - деді профессор.

Сонымен бірге оның айтуынша, "ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитеті тек қана киіктерді есепке алуға ғана ақша бөледі". "Бұдан басқа басты мәселелерге - тіршілік ортасы секілді экологиялық ерекшеліктерін зерттеуге ақша жоқ. Сол себепті де ғылым саласы мүшкіл халде, қаржының тапшылығынан киіктердің экологиясына қатысты көптеген мәселелерді біз зерттемейміз", - деді А. Бекенов.

Профессор бұған қоса Қазақстанда қазір қатерді жұқпалы дерттерді зерттеу жұмыстары жүргізілмейтіндігін хабарлады. Оның айтуынша, "бұрын Зоология институтында тұрақты кешенді экспедиция болған, ол жыл сайын қаңтар мен ақпанда жұмыс істеген". "Паразитолог мамандар ауруларды зерттейтін, ал қазір кейінгі 15 - 20 жылда тек киіктер ғана емес, басқа да көптеген аша тұяқты жануарлардың, шаруашылық жануарларының аурулары зерттелмеді. Ешбір мәлімет жоқ. Бұрын пастереллезді XIX ғасырдың 60-шы жылдарына дейін зерттеп келген, ал қазір ауруларды, паразиттерді зерттеу жұмыстары жүргізілмейді", - деді ол.

"Бұл жануарлардың жаппай қырылуы бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Былтырғы жылы да олардың өлім-жітімі болған. Ал ең көп киік өлімі 1984 жылы ақпан-сәуір айларында шыққан. Онда 250 мың бас, 1981 жылы Торғай облысында 180 мың бас, 1988 жылы мамыр айында 500 мың бас жануар өлген. Комиссияның қорытындысы бойынша, олардың жаппай қырылуына барлық кезде пастереллез ауруы себеп болған",- делінген баспасөз хабарламасында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны