18.10.2022, 14:17 10876

Бектенов: Заңсыз алынған 500 миллиард теңгеге жуық ақша мен мүлік мемлекетке қайтарылды

Бектенов: Заңсыз алынған 500 миллиард теңгеге жуық ақша мен мүлік мемлекетке қайтарылды
Астана. 18 қазан. KAZAKHSTAN TODAY - Антикор басшысы Олжас Бектенов заңсыз жолмен алынған ақша мен қылмыстық іске қатысы бар азаматтар туралы айтты.
 

Заңсыз алынған қаражатты, мүлікті мемлекетке қайтару бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл жерде жасыратын ештеңе жоқ, биыл бұл жұмыс қыза түсті. Бүгінгі таңда бұл сандар көбейді. 500 миллиард теңгеге жуық ақша мен мүлік мемлекетке қайтарылды. Біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Қылмыстық істерге қатысы бар тұлғалардың қылмыстық жолмен алынған шетелдегі 400 миллиард теңгеден астам мүлкін анықтадық. Әңгіме алдағы уақытта мемлекетке қайтарылатын триллион теңге туралы болып отыр", - деді Бектенов.

 
Оның айтуынша, өткен жылдары сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін мемлекетке өтелген сома жылына шамамен 30 миллиард теңгені құраған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап
 

2020 жылы бұл шамамен 60 миллиард болса, өзге жылдары 20-30 миллиард теңге болды. Мемлекетке келтірілген шығын еселеп өсіп, қазір триллионға жетті. Мен мұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Біз бұрын да тиімді жұмыс істей алар едік, бірақ оған саяси жағдай әсер еткенін барлығы біледі, оны ашық айту керек. Биыл біз Мемлекет басшысының елдегі тәртіпті қалпына келтірудегі ерік-жігері мен экономиканы монополиясыздандыруға, олигархияны жоюына куә болып отырмыз. Бұл жұмыс жалғасын табады. Нәтижесі бұдан да жоғары болатынына сенемін", - деді Олжас Бектенов.

 
Оның айтуынша, триллион теңге шетелден ғана емес, ел ішінен де қайтарылды.
 

Заңсыз жолмен алынған мүлік мемлекет меншігіне қайтарылады. Кезінде олар жекеменшікке өткен. Оған қолма-қол ақша, әртүрлі жоспардағы компания да жатады. Барлығы кешенді түрде болған", - деді Антикор басшысы.


Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды мен басқа да тұлғаларға қатысты істі тергеу барысында "Қазақтелеком" АҚ мен "Көліктік сервис орталығы" АҚ қаражатын жымқыру фактілері бойынша мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион доллардан асатын заңсыз жолмен алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды.

Шілде айында Бас прокуратура Қайрат Боранбаев, Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, "РОП" ЖШС басшыларына қатысты істерді тергеу аясында мемлекетке қайтарылған сомаларды жариялады.

МКК ақпараты бойынша, Қытаймен кедендік шекарада тәртіп орнатуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізілген тесерулер нәтижесінде бүгінгі таңда 10 уәкілетті экономикалық операторлардан бюджетке 59,5 млрд. теңге өндірілді.

Сонымен қатар, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының үш айында мемлекетке келтірілген залал өтеліп, жалпы сомасы 523 млрд теңгеден астам активтер қайтарылғаны хабарланған болатын.
 
Ақпарат көзі: azattyq-ruhy.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны