03.10.2006, 15:50 3224

Биыл Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 11 млрд. долларды құрайды

ОРАЛ. 3-қазан. Kazakhstan Today. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2006-жылы 11 млрд. долларды құрайды. Бұл туралы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Оралда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз өзара ықпалдастық пен сауда-саттыққа қолайлы жағдайлар жасаудамыз. Егер бұрын біз екі ел арасындағы тауар айналымы 9 млрд. долларды құрады десек, ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 11 млрд. долларға жетпек",- деді Н.Назарбаев.

Қазақстан президентінің айтуынша, Оралдағы кездесуде Ресейдің 12, Қазақстанның 8 облысы қатысуда.

"Мұнда бірқатар маңызды құжаттар қаралады. Шекаралас облыстардың ықпалдастығы мәселелері шешілумен бірге, ең бастысы, Қарашығанақ газын өңдеуге қатысты шешім қабылданады. Қазақстан алғаш рет Ресей экономикасына ауқымды қаржы салмақшы. Ал Ресей Қазақстанға Орынбор газ өңдеу зауытынан меншік сатып алуға мүмкіндік бергелі отыр",- деді Қазақстан президенті. "Мұнай жобаларымен бірге бұл біздің өзара ықпалдастығымыздың аса қуатты тұстарының бірі",- деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгін қол қойылатын құжаттардың "аса жоғары деңгейде дайындалғанын" атап өтті. "Демек бұл шекаралас облыстар біздің өзара ықпалдастығымыздың негізі екенін білдіреді. Біздің бұл кездесу екі халықты одан әрі жақындата түседі деп сенемін",- деді Елбасы.

Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа Оралға шақырғаны үшін алғыс айтты. "Бұл - кездейсоқ кездесу емес. Өйткені, Батыс Қазақстан облысында Ресей-Қазақстан мемлекеттік шекарасының ұзындығы 1,5 мың шақырымды құрайды. Екі ел арасындағы тауар айналымының 70 проценті шекаралас өңірлердің үлесінде. Бұл екі ел экономикасын дамытуға қосқан ауқымды үлес. Біздің бірлескен жұмыстарымыз қызғылықты болады дегенге кәміл сенемін",- деді Ресей президенті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны