08.08.2008, 14:45 3142

Биыл Қазақстанда астық тапшылығы болмайды - телеарна

Биыл Қазақстанда астық тапшылығы болмайды - телеарна

Алматы. 8 тамыз. "Қазақстан Бүгін" - Биыл Қазақстан астық өндіру мәселесінде орташа өнім деңгейін толық қамтамасыз ете алады. Сондықтан елде астық тапшылығы болмайды, қайта артық астығымызды шет мемлекеттерге де сата алады. Бұл туралы Республика Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев кеше Алматы облысындағы жұмыс сапары кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі хабар агенттігіне сілтеме жасап.

"Биыл Қазақстанның Оңтүстік және Шығыс аймақтарында құрғақшылық болып тұр. Дегенмен, орақ түскен алқаптарда астықтың орташа түсімі жаман емес. Алматы облысына жұмыс бабындағы сапармен келген Республика Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Ескелді ауданындағы егіншілік жайымен танысу кезінде бұл пікірді нақтылай түсті",- дейді Хабар тілшісі.

"Бидай биыл өзімізге жеткілікті. Біз басында болжамымызды айтқанбыз, орташа өнім болады деп. Сол орташа өніміміз бар. Сондықтан биыл нан мәселесі бойынша, жаңағы астық мәселесі бойынша Қазақстанда ешқандай проблема болмайды. Сонымен қатар біз экспортқа шығаратын потенциалымыз да бар биыл",- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев.

Министрдің айтуынша, биыл дүние жүзі бойынша 665 миллион тонна бидай өндіріледі деген болжам бар. Бұның былтырғы көрсеткіштен 53 миллион тоннаға көп екенін ескерсек, әлем халықтарының тоқшылықта болатындығында күмән жоқ. Ресей мен Украинаның дихандары биыл үлкен нәтижелерге жетпек. Ал, Қазақстан астықты орта деңгейде өндіргенімен, бидайының сапасы жөнінен ешбір елге есе жібермейді, деді Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев.

Жетісу - жер жәннаты. Мұнда бидайдан өзге қант қызылшасы мен күнбағыс, майбұршақ пен көкөністің алуан түрі өсіріледі. Ендігі жерде олардың көлемін ұлғайтып, өнімін арттыру міндеті тұр. Қазір қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар әр гектар үшін мемлекеттен 50мың теңге субсидия алып отыр. Бұл жұмсалған шығындардың 30 пайызын жабуға жететін жәрдем. Ауыл шаруашылығы министрі бүгінде мал азығын дайындаудың қарқынын бір сәт бәсеңдетуге болмайды, ал, мал басын арттыра беру керек деп ауылдықтарға тапсырманы нықтап айтты. Алматы облысы алдағы қыстамаға 1,5 миллион тонна жем-шөп қорын жасақтауы керек. Оның 70 пайыздан астамы дайындалған. Үкімет Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін жасау міндетін қойып отыр. Бұл қала тұрғындары үшін де, облыстың шаруашылықтары үшін де тиімді болмақ.

"Қазір енді шаруашылықтардың мүмкіншіліктерін қарап, осыларға тиісті кредиттерді беріп, солардың өндірісін дамытып, осылардың барлығын Алматы қаласына әкелу керек. Сондықтан алдымызда үлкен жоба бар. Соған байланысты мына Шеңгелдінің массиві бар, содан кейін Алматының жанындағы үлкен шаруашылықтарға осы жобаны өткізетін боламыз",- деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Ғалымдардың болжауынша, Алматы облысында суармалы жерлердің көлемін 670 мың гектарға ұлғайтуға болады. Оны жүзеге асыру керек. Одан кейін суды үнемді пайдалануға дағдыланып, тамшылатып суару технологияларын қолданысқа енгізу қажет. Министр ауыл шаруашылығындағы мамандарға осындай тапсырма жүктеді. Осы сапарында министр Ақылбек Күрішбаев Алматы облысының Шеңгелді алқабы мен Балқаш ауданында болып, жергілікті мамандармен кездесулер өткізді. Министрдің сапары енді Жамбыл облысында жалғасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны