16.11.2006, 18:11 2765

Биыл Қазақстанның астық экспорттау әлеуеті 7-8 млн. тоннаны құрамақ - Ауылшаруашылығы министрлігі

АСТАНА. 16-қараша. Kazakhstan Today. Биыл Қазақстанның эстық экспорттау әлеуеті 7-8 млн. тоннаны құрамақ, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің алдын-ала болжамына сәйкес, жалпы 18 млн. тонна көлемінде түсім жиналған жағдайда Қазақстан 2006-2007-жылы 7-8 млн. тонна астықты экспортқа шығара алады",- делінген "Қазагромаркетинг" АҚ таратқан хабарламада.

Құжатта атап көрсетілгеніндей, ағымдағы жылы астықты дәстүрлі экспорттаумен шұғылданып келген көптеген елдерде түсім төмен болу ағымы байқалуда. "Осындай жағдайда ағымдағы жылы бітік түсім жинаған Қазақстан сыртқы нарыққа ірі көлемде астық шығарушы елдердің біріне айнала алады",- делінген хабарламада.

Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің астық секторы, Қазақстан астығының экспорттық әлеуеті, сондай-ақ, әлемдік астық рыногының ағымдағы беталысы туралы мәселелер 29-30-қарашада Астанада өтеді деп межеленген "Қазақстанның астық форумы-2006" атты бірінші халықаралық бас қосуда талқыланады деп күтілуде.

Форумды ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, оған 300-ден астам адам, соның ішінде астық өндіру саласының әлемдік және қазақстандық жетекші сарапшылары, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері, агрохолдингтер мен өңдеуші кәсіпорындардың жетекшілері, трейдерлер, банктер, инвестициялық, консалтингтік және сақтандыру компанияларының, Қазақстан мен шетелдік фирмалардың іскерлік өкілдері қатысады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны