31.01.2023, 11:58 21431

Биыл көктемнен бастап Екібастұз және Риддер тұрғындары үшін жылу тарифі басқа өңірлерге қарағанда жоғары болады - Қуантыров

Биыл көктемнен бастап Екібастұз және Риддер тұрғындары үшін жылу тарифі басқа өңірлерге қарағанда жоғары болады - Қуантыров
Сурет: Depositphotos
Тариф саясаты әр кәсіпорынның жеке жағдайына байланысты белгіленбек

Астана. 31 қаңтар. KAZAKHSTAN TODAY - Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет кулуарында коммуналдық тарифтерді мейлінше баяу көтеруді жоспарлап отырғанын айтты.
 
 "Былтырғы коммуналдық коллапстан кейін кейін тариф бойынша түсінікті сандар пайда болды ма? Екібастұз, Риддер сияқты қалалар қандай тарифпен төлем жасай бастайды?" деп сұрады БАҚ өкілдері.
 
Министрдің айтуынша, тариф саясаты әр кәсіпорынның жеке жағдайына байланысты белгіленбек.
 

Мен бұл туралы бірнеше рет айттым, иә белгілі бір өсім болды. Бұл нақты табиғи монополия субьектісіне байланысты болады. Яғни, халыққа қызмет көрсететін, қуат көзін ұсынатын немесе қуат көзін алатын ұйымға байланысты. Желілердің тозу көрсеткішіне де байланысты болады. Мысалы, Екібастұз жылу электр орталығы өтінім берді. Олар тарифті бір мезетте 107 пайыз көтеруді сұрады. Біз ондай қадамға бара алмаймыз, оны өздеріне ашып айттық. Өсім бұдан 4 есе кем болатын шығар. Олармен бірге шамамен осылай жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, Екібастұз жылу электр орталығының иесі де жауапкершілікті арқалауы керек - инвестиция салуға тиіс. Шығынның бір бөлігі бюджетке, бір бөлігі тұрғындарға түседі. Әділетті тәсіл болу керек. Сонда өсім баяу жүреді", - деді ол.

 
Министр жылу жүйесіндегі проблемасы қайта-қайта сыр беріп жатқан Екібастұз бен Риддердің жағдайына жеке тоқталды.

 

Екібастұзда жүйе мүлдем тозып біткен. Ең үлкен өсім сол жақта жоспарланған. Екі еседен жоғары болады. Бірақ біз оны басқа механизмдер арқылы тежеуді жоспарлап отырмыз Екібастұз бен Риддерде өсімді баяу жүргізгіміз келеді. Мысалы жылудың жаңа тарифі бұл қалалалардың тұрғындарына наурыз айында сезіледі. Сәуірде наурыз айының түбіртегі келеді. Ол кезде күн жылына бастаған соң жылу аз тұтынылады. Сәйкесінше тарифтің өскенін наурыз айы мен сәуірдің жартысында ғана сезінеді. Одан кейін өсімді келер қыста бір-ақ сезінуі керек. Жылуға төленетін бірінші түбіртек қараша айында келеді. Тарифтің өсімін тұрғындар сәуірде сезінеді сонда", - деді Әлібек Қуантыров.


Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Екібастұздағы жылу энергиясы үшін төлемді қайта есептеуді қайта қарауды тапсырды.

2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да болған ірі апат қала тұрғындарын 30 градус аязда жылусыз қалдырды. Тұрғын үйлер, сондай-ақ әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар мен ауруханалар жылытудан ажыратылды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Әлеуметтік орталықтардың кейбір балалары мен аурухананың кейбір пациенттерін эвакуациялауға тура келді. Балабақшалар жұмысын тоқтатты, ал оқушылар уақытша қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. Қалада жылумен жабдықтаудың берілетін параметрлерін тұрақтандыру және жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Өткен жылдың қараша айында Риддер ЖЭО апатына байланысты 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды. ТЖ режимі енгізілді. Қаланың ЖЭО-да кезекті апат ағымдағы жылдың қаңтар айының басында орын алды. Содан кейін багер станциясы су астында қалды.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның жылу-энергетика саласындағы негізгі қорлардың жалпы тозу деңгейі  71,8% құрайды.

Ақпарат көзі: inform.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны