13.06.2007, 15:46 3159

Бюджетті жоспарлауда "экономикаға жұмыс істемейтін" еркін бюджет қалдықтары мен бюджет қаражатының игерілмеуі секілді басты қателіктерге жол беріледі

АСТАНА. 13-маусым. Kazakhstan Today. "Бюджетті жоспарлаудағы басты қателіктердің біріне "экономикаға жұмыс істемейтін" еркін бюджет қалдықтары мен бюджет қаражатының игерілмеуін жатқызуға болады. Есепті жылы еркін бюджет қалдықтары 110-140 млрд. теңге болса, жылдың аяғына қарай бұл көрсеткіш 151 млрд. теңгеге дейін жетіп, 2005 жылғы көрсеткіштен 12 есе асып кетті" деді Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев ҚР парламенті мәжілісінің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде.

"Бюджеттің мұнайдан түсетін кірістерге деген тәуелділігінің сақталуы, салықтық базаның ұлғаймауы және салықтық әкімшілік жүргізу тиімділігінің төмендеуі сияқты проблемалар жыл сайын қайталануда. Берілетін жеңілдіктер мен төлеу мерзімі ұзартылған төлемдер ұлғаю үстінде. Мәселен, кедендік салықтар мен төлемдер бойынша берілген жеңілдіктердің көлемі 457,3 млрд. теңгені немесе республикалық бюджеттің бүкіл кірісінің 27%-ын құрады", деді ол өз баяндамасында.

"Осыны, сондай-ақ өтеудің негізді болуына қатысты проблеманы қоса алғанда ҚҚС өтеу рәсімдеріндегі көптеген олқылықтарды ескере отырып, салық органдарына өтеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ аталмыш салықтық ынталандырудың тиімділігін арттыру бойынша көп жұмыс істеу қажет. Бүгінгі уақытта, негізінен шикізатты (мұнай, металл, астық) экспортқа шығаратын ірі кәсіпорындардың ҚҚС-тары өтелуде. Бұл - экспортқа бағытталған қосылған құны жоғары тауарлар өндірісін ынталандырмайды" деді Есеп комитетінің басшысы.

Омархан Өксікбаев, сондай-ақ, салық органдарының қазіргі ақпараттық жүйелерінде орын алып отырған олқылықтарға да тоқталып кетті. "Республикалық бюджеттен салық органдарының ақпараттық жүйелерін дамытуға бірнеше жылдан бері елеулі қаржы бөлініп келеді. Нақты айтсақ, 2000 жылдан бері 10 млрд.-тан астам теңге бөлінген. Біздің тексерулер аталған қаржының жұмсалуы салық органдары жұмысының пара-пар жақсаруына ұласпай отырғанын көрсетті. Қазіргі уақытта, салық органдарының ақпараттық жүйелері "бір күндік" және "қолма-қол ақшаға айналдыру" фирмаларын жедел анықтауға қауқарсыз. Осы тектес фирмалар бойынша берешегі 2006 жылдың басында 4,5 млрд. теңге болса, 2007 жылдың басына таман 13,0 млрд. теңгеге дейін жетіп, 3 еседен асып кеткен" деп атап өтті Омархан Өксікбаев.

Оның пікірінше, республикалық бюджеттің атқарылу сапасын одан әрі арттыру мақсатында салық заңнамасын жетілдіріп, барлық түсімдерді жоспарлау мен оларға әкімшілік жүргізуді жақсартып, сондай-ақ жаңа ақпараттық технологияларды тиімді қолдану есебінен салық органдары қызметінің нәтижелілігін арттыру бағытында жұмыс істеу қажет.

Омархан Өксікбаев атап өткендей, республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуын талдау өткен жылдардағы проблемалардың әлі де сақталып отырғанын көрсетті. Мұның бір себебі жоспарлаудағы кемшіліктерде жатыр.

Есеп комитеті төрағасының айтуынша, Үкімет еркін қалдықтардың болуына қарамастан, 167,5 млрд. теңге қарыз алып, республикалық бюджеттен 18 млрд. теңгені борышқа қызмет көрсетуге жұмсаған.

"Өткен жылдардағы сияқты, бюджеттік бағдарлама әкімшілері 53,6 млрд. теңгенің бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін мақсатсыз, негізсіз және тиімсіз жұмсаған, сондай-ақ 14,5 млрд. теңге дебиторлық және 9,4 млрд. теңге кредиторлық берешекке жол берген", деді О.Өксікбаев.

Есеп комитетінің басшысы, бюджеттің шығыс бөлігінің атқарылуын қорытындылай келе, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің жұмыс тиімділігіне баға беру жүйесін, олардың мемлекеттік және салалық бағдарламалардың мақсаттары мен күтілген нәтижелеріне қол жеткізуін ескере отырып енгізу жөнінде ұсыныс жасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны