05.01.2012, 10:01 4413

БҚО мал тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөлінуде

Осы бағытта шетелден де асыл тұқымды мал алынуда. Мәселен, батысқазақстандық шаруалар өткен жылы шетелден 56 бас асыл тұқымды мал алса, соның 50 басы Бөрлі ауданындағы "Бумакөл" ЖШС-ға тиесілі. Құрылғанына үш жыл болған бұл шаруашылық негізінен етті бағыттағы ірі қара малын өсіруді кәсіп етіп келеді.

Орал. 5-қаңтар. Kazakhstan Today - БҚО мал тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, осы бағытта шетелден де асыл тұқымды мал алынуда. Мәселен, батысқазақстандық шаруалар өткен жылы шетелден 56 бас асыл тұқымды мал алса, соның 50 басы Бөрлі ауданындағы "Бумакөл" ЖШС-ға тиесілі. Құрылғанына үш жыл болған бұл шаруашылық негізінен етті бағыттағы ірі қара малын өсіруді кәсіп етіп келеді. Олар кезіндегі колхоздан жекенің қолына кеткен қазақтың ақ бас сиырларын алып, іске білек сыбана кіріскен еді. Міне, сол ірі қара бүгінде 200 басқа жетіпті.

"Бұл малды таза асыл тұқымды деп айтуға келмейді. Сол себепті біз асыл тұқымды мал зауытынан қашарлар алу жөнінде шешімге келдік. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық форумында Елбасымыз да мал шаруашылығын дамытуда асыл тұқымды түліктің орны зор екенін айтқан еді. Сөйтіп, біз қазақтың ақбас сиыры тұқымының қашарларын Орынбор облысындағы Демитров асыл тұқымды мал зауытынан сатып алдық. Бюджеттен бөлінген демеуқаржының арқасында асыл тұқымды мал алуға кеткен 11 млн. теңгенің жартысына жуығы жабылды. Бұйыртса, алдағы уақытта тағы да 20 бас алуды жоспарлап отырмыз", - дейді серіктестік директоры Теміржан Төлепбергенов.

Жалпы, "бумакөлдіктерде" жоспар көп. Қазір он адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырса, енді қызметкерлердің саны екі есеге көбеймекші. Исіресе, зоотехник-селекционер сынды мамандарды алу ойда бар. Соған орай қыр басынан жаңадан үйлер, қора-қопсылар салынуда. Бүгінгі таңда серіктестік жылына 25-30 тонна ет өндірсе, көп кешікпей ол екі-үш есеге дейін өспекші. Сөйтіп, асыл тұқымды мал шаруашылығына айналу көзделіп отыр.

Аталған 56 бастың қалған алтауы Зеленовтағы "Шонайбеков" пен Ақжайық ауданындағы "Дөңгелек" шаруа қожалықтарының еншісіне тиді. Мәселен, "Шонайбеков" қожалығы Ресейдің Челябі облысынан герефорд тұқымының үш бұқасын алып келді. Олардың әрбіреуі 650 мың теңге тұрады.

"Біз асыл тұқымды ұрықтандырушы бұқаның жылқы типтес түрлерін алдық. Одан алынған төл жиырма айлығында 650 келі тартатын көрінеді. Біздің мал негізінен үш жасында осындай салмаққа ие болады", - дейді қожалық жетекшісі Сергей Шонайбеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны