05.03.2020, 23:21 8672

Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас кеңесінің отырысында қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды

2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы аумағына 18 млрд теңгенің тауары экспортталған. Алайда тауарларды кіргізу мен жанама салық төлеу барысында ол сомма 186 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Ұсынылған ақпарат арасындағы айырмашылық 10 есені құрайды.

Алматы. 5 наурыз. Kazakhstan Today - Қырғызстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына жасаған шағымы негізсіз.Женева қаласындағы Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Бас кеңесінің отырысында Қырғыз Республикасының өтініші бойынша қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдай талқыланды.

Қырғыз Республикасының өкілдері Қазақстан Республикасы ДСҰ келісімдерінің кейбір ережелерін бұзды деп наразылықтарын білдірген. Айтуларынша оның салдары Қырғызстанның экономикалық көрсеткіштерінің нашарлауына әсер еткен.

Ал Қазақстанның БҰҰ жанындағы және өзге де халықаралық ұйымдардың Женевадағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қырғызстанның шағымын негізсіз деп атады.

Ол Қырғыз тарапына Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа сәйкес, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтары арасында кедендік декларациялау мен мемлекеттік бақылауды, соның ішінде кедендік, көліктік, ветеринарлық және санитарлық бақылауды қолданбастан тауарлардың еркін өткізілетінін айтты.

Демек, Қырғыз Республикасынан Қазақстанға келетін, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтетін барлық тауарлар кедендік бақылау талаптарынан босатылған. Осыған байланысты Қырғыз Республикасы көтерген мәселелер тек қана ЕАЭО заңнамасының құқық қолдану практикасымен байланысты және осы ұйымның алаңында талқылануы тиіс.

Сондай-ақ елші Жанар Айтжанова, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің назарын Қырғызстандағы кедендік әкімшілендірудің нашарлығына байланысты жүйелік проблемаларға тап болатындығына аударды. Бұл өз кезегінде ЕАЭО мүше мемлекеттерінің жалпы бюджетіне түсетін кедендік баж салығының толық алынбауына әкеледі деді.

"2019 жылдың өзінде Қырғызстаннан Қазақстан Республикасының жалған резиденттеріне тауар әкелудің 2,6 мыңнан астам оқиғасы анықталды. Сондай - ақ, Ресей Федерациясының аумағына қырғыз тауарларын "жалған транзитті" жүзеге асырудың 4,8 мыңнан астам оқиғасы анықталды, олар факті бойынша ұлттық бюджетке жанама салықтарды (ҚҚС) төлемей Қазақстан нарығында сатылды" - деп атап өтті Елші.

Қазақстан қабылдаған шаралар салықтық әкімшілендіруді және ел бюджетіне ҚҚС түсімдерінің толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл шаралар ішкі жүк тасымалдаушыларға, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің және үшінші елдердің жүк тасымалдаушыларына бірдей қолданылады.

Қорытындылай келе, Қазақстан елшісі Қырғыз Республикасын ДСҰ мен ЕАЭО-ға кіру кезінде алған міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ өз серіктестерінің ұлттық заңнамаларын сақтауға шақырды.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше егер қырғыз тарапы Қазақстанмен соттасатын болса, ДСҰ алаңындағы сот процесі аясында өзінің мүдделері мен құқықтық шараларын қорғауға дайын екендігін мәлімдеді.

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылы келесідей салықтық және кедендік заңбұзушылықтар орын алған.

Қазақстан аумағына кірген 72 мың автокөлік құралы ЕАЭО талаптарына сәйкес импорттық тауарлар үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) төлемеген.

Атап айтқанда, 10,3 мың автокөлік құралы тауарлық-транспорттық ілеспе құжатты Қазақстан Республикасындағы жалған тұлғаларға рәсімделген. Оның 2,6 мың автокөлік Қырзғызстан Республикасына тиесілі.

51 мың автокөлікті іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Олар да тауарлық-транспорттық ілеспе құжатты Қазақстан Республикасындағы жалған тұлғаларға рәсімдеуі мүмкін деген қауіп бар.

ЕАЭО елдерінің ішінде автокөлік құралдарының жалған бағыт бойынша қозғалғандығы жөнінде 11 мың дерек тіркелді. Оның ішінде 4,8 мың көлік Қырғызстан Республикасына тиесілі екендігі анықталды.

Мұндай заңбұзушылықтардың алдағы уақытта орын алмауы үшін Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының Үкімет мүшелері арасында бірнеше мәрте екі жақты кездесулер өткізілген. Алайда кедендік және салықтық заңбұзушылықтар бүгінгі күнге дейін орын алып келеді.

Мысалы: Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік салық қызметінің дерегі бойынша, 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасы аумағына 18 млрд теңгенің тауары экспортталған. Алайда тауарларды кіргізу мен жанама салық төлеу барысында ол сомма 186 млрд теңгені құрағаны белгілі болды. Ұсынылған ақпарат арасындағы айырмашылық 10 есені құрайды.

Қырғызстан Респубикасының Мемлекеттік кеден қызметінің дерегі бойынша, 2019 жылы Қырғызстан Республикасы аумағына Қытай Халық Республикасынан 75 мың тонна халық тұтынатын тауарлар кіргізілген. Алайда Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы аумағына 149 мың тонна тауар экспортталған. Осылайша импортталған тауар көлемінде екі есе айырмашылық бар екені белгілі болды.

2019 жылы Қазақстан Республикасында пилоттық жоба негізінде енгізілген навигациялық пломбалар автокөлік құралдарының тауарлық-транспорттық ілеспе құжатта көрсетілген бағыттан өзге аумаққа қатынағанын анықтаған 11 дерек тіркелді. Құжатта Қырғызстан Республикасынан Ресей Федерациясына өтеді деген тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында қалып қойған.

29 жағдайда көлік құралдарының жүргізушілері навигациялық пломбалар ілінгеннен кейін әрі қарай жол жүруден бас тартқан. Ал Қырғызстан Республикасында навигациялық пломбаларды енгізу үрдісі тоқтап тұр. Ақпарат Қырғызстан Республикасына жолданса да, жағдай түзелген жоқ.

Қазақстан Республикасы ЕАЭО жұмысының негізгі принціпі екі жақты тиімді қарым-қатынас, тараптардың ұлттық мүддесіне есеп жүргізуде тең құқыққа ие және нарықтық экономикада адал бәсекелестікке негізделетінін тағы бір мәрте еске салады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны