10.02.2016, 19:01 4894

Дағдарысқа қарсы экономикалық саясат экономикалық өсімніӊ жаӊа көзін іздеуге бағытталған

Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды

Астана. 10 ақпан. Kazakhstan Today - Отырыс барысында 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары шығарылып, экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мемлекет басшысы 2016-2018 жылдарға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары аясындағы негізгі жұмыс бағдарыныӊ бірі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті, деп хабарлады Ақорданыӊ баспасөз қызметі.

- Ұлттық банк теӊгеніӊ еркін айырбас бағамы деӊгейін сақтап, бағамныӊ күрт ауытқуына жол бермей және долларсыздандыруды жалғастыра отырып, тиімді ақша-несие саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге тиіс. Бүгінде банктердіӊ ликвидтілік алуына шектеу жоқ. Ұлттық банк қазіргі жағдайда дұрыс саясат жүргізіп отыр деп санаймын. Қаржы ахуалына күн сайын мониторинг жасауды жүзеге асырып, Үкіметпен бірге жедел шаралар қабылдаған жөн, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы жол" және индустрияландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды орындау, агроөнеркәсіп кешеніндегі басымдығы бар жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жұмыспен қамтуды және іскерлік белсенділікті қамтамасыз ете отырып, экономиканы одан әрі әртараптандыруға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті қаржылық мүмкіндіктерді, соныӊ ішінде теӊгеніӊ айырбас бағамын өзгерту есебінен болған үнемдеуді ескере отырып, төмендегідей бағыттар бойынша дағдарысқа қарсы қосымша шараларға қаражат бөлу жөнінде шешім қабылданғанына назар аударды.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру

Саланыӊ одан әрі дамуына қолдау жасау үшін "Нұрлы жол" бағдарламасын 2017 жылы жүзеге асыруға жоспарланған қаражатты 2016 жылға ауыстыру есебінен 360 миллиард теӊге бөлу жөнінде тапсырма берілді.

Осы қаражаттыӊ 53 миллиард теӊгесі "Бәйтерек" холдингі желісі арқылы жалға берілетін тұрғын үй құрылысын жалғастыруға, 149 миллиард теӊгесі несиелік тұрғын үй құрылысына, соныӊ ішінде 22 миллиард теӊге салымшыларды жергілікті атқарушы органдар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несиелеуге бағытталады. Сонымен қатар, жекеменшік құрылыс компанияларын қолдау үшін "Самұрық-Қазына" АҚ арқылы қайтарымды негізде 97 миллиард теӊге бөлінеді. Бұл ретте құрылысшыларға қойылатын талаптар бірлесіп қаржыландыруды, жері мен жобалық-сметалық құжаттарыныӊ, жүзеге асыру ісініӊ бекітілген бағасыныӊ болуын қамтуы тиіс екендігі атап өтілді.

Мемлекет басшысы жаппай тұрғын үй салынатын жаӊа аудандарға инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктер арқылы 61 миллиард теӊге бөлінетінін айтты.

- Бұл жұмыстардыӊ жауапкершілігі осы қызмет жүргізілетін өӊірдіӊ әкімдеріне тікелей жүктеледі. Баспана құны әлеуметтік сипатта болуға тиіс екендігіне айрықша назар аударғым келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл шаралар 2016 жылы қосымша 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруге және ІЖӨ өсіміне үлес қосуға мүмкіндік беретінін айтты.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жеделдету

Мемлекет басшысы 2016 жылы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған, Ұлттық қор қаражатыныӊ бағам айырмасы есебінен қалыптасқан 194,5 миллиард теӊгені бөлуді тапсырды. Осы қаражаттыӊ 78 миллиард теӊгесі "Нұрлы жолда" 2016 жылға қарастырылған инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге, соныӊ 28 миллиард теӊгесі апат жағдайындағы мектептерден және үш ауысымдағы оқытудан 2017 жылдыӊ аяғына дейін толық арылу үшін 42 жаӊа мектептіӊ құрылысын салуға бағытталады.

Шағын және орта бизнесті, экономиканыӊ базалық салаларын қолдау

Қазақстан Президенті жеке компаниялардыӊ басқаруына берілгенге дейін Бірыӊғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларыныӊ қаражаттарыныӊ сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз етуді, бос зейнетақы жинақтарын 2016 жылы 1 триллион 450 миллиард теӊге сомасында бірқатар бағыттар бойынша инвестициялауды тапсырды. Атап айтқанда, 500 миллиард теӊге БЖЗҚ қаражатыныӊ әртараптылығын қамтамасыз ету және азаматтардыӊ зейнетақы жинақтарыныӊ табыстылығын арттыру мақсатында сыртқы нарықтарда инвестициялау үшін шетел валютасына ауыстыруға бағытталады.

Сондай-ақ 600 миллиард теӊге екінші деӊгейлі банктер мен ұлттық холдингтердіӊ шартталған облигацияларын қайтарымды негізде және зейнетақы активтерініӊ сақталуы мен табыстылығын арттыру үшін нарықтық пайыздық мөлшерлеме арқылы сатып алуға жұмсалады. Бұдан әрі аталған қаражат экономиканыӊ маӊызды секторларын ынталандыру үшін инвестицияланады. Негізі бағыттардыӊ қатарында, біріншіден, шағын және орта бизнес қажеттіліктерін айналым қаражаты арқылы шарттық негізде қаржыландыру және қарыздарын қайта қаржыландыру мәселесі бар. Бұл кәсіпкерлердіӊ 700 жобасын қаржыландыруға, 14 мыӊ жұмыс орнын ашуға, 540 миллиард теӊгеніӊ өнімін өткізуге және бюджетке шамамен 60 миллиард теӊге салық түсімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Екіншіден, Қазақстанныӊ оӊтүстігіндегі энергия тапшылығын азайту мақсатында "KEGOC" АҚ-ныӊ "Солтүстік-Шығыс-Оӊтүстік" жобасын жүзеге асыруды жеделдету. Үшіншіден, АӨК-ніӊ басымдығы бар жобаларын, соныӊ ішінде ет және сүт өндіру мен өӊдеу жөніндегі жобаларды қаржыландыру. Төртіншіден, 3456 ауылдық елді мекенніӊ кеӊжолақты интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Халықтыӊ іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдау

Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саясаттыӊ басымдығы бар міндеті жұмыс орындарын сақтап, жаӊа жұмыс орындарын ашу болып саналатынына назар аударды. Осыған байланысты 2016 жылы Үкіметтіӊ арнаулы резервінен қосымша 100 миллиард теӊгеге жуық қаржы бөлу тапсырылды.

Аталған қаражаттыӊ 63 миллиард теӊгесі маӊызы арттырылған Жұмыспен қамтудыӊ жол картасын жүзеге асыруға бағытталады. Ол 2009-2010 жылдардыӊ Жол картасындағыдай әлеуметтік инфрақұрылымды және Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу ісін, шағын несие беру ауқымын ұлғайтуды, жұмысшы жастар үшін жатақханалар салуды, сондай-ақ жұмыс берушілердіӊ жұмыс орындарын сақтау жөніндегі шығындарын субсидиялау ісін қамтиды

- Бұл 60 мыӊға жуық адамды жұмыспен қамтуға, соныӊ ішінде мыӊға жуық инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру арқылы 18 мыӊ жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнес нысандарына жетіспей жатқан инфрақұрылым желісін тарту үшін "Бизнестіӊ жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында қосымша 15 миллиард теӊге бөлуге тапсырма берілді.

Қазақстан Президенті дағдарыс уақытында отандық экономиканы қолдауға елеулі қаражаттыӊ бөлінуі Ұлттық қорды дер кезінде құрудыӊ, зейнетақы жүйесін және жалпы экономиканы реформалаудыӊ, сондай-ақ теӊгеніӊ еркін бағамына көшудіӊ арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

- Аталған шараларды жүзеге асыру үшін бөлініп отырған қаражатты толықтай және тиімді игеру 2016 жылы экономикалық белсенділікті арттырып, жұмыспен қамту ісіне қолдау көрсетіп, экономика өсіміне 1 пайызға дейін үлес қосуды қамтамасыз етеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қалыптасып отырған сыртқы жағдайды ескере отырып, Үкіметке қаражаттыӊ жұмсалуын қатаӊ қадағалауды қамтамасыз ету тапсырылды. Мемлекет басшысы өӊірлердегі берілген тапсырмалардыӊ орындалуыныӊ маӊыздылығына, сондықтан облыстардыӊ әкімдері бөлініп жатқан қаражаттыӊ тиімді игерілуін қадағалау үшін қолда бар барлық ресурсты жұмылдыруға тиістігіне назар аударды.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау қажеттігіне және мемлекеттік, салалық бағдарламаларға тиісті өзгерістер енгізу мәселелеріне тоқталды.

Президент Икімшілігіне аталған тапсырмалардыӊ орындалуын қадағалау міндеті жүктелді.

Соӊында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қолданып отырған дағдарысқа қарсы шараларға өзге мемлекеттердіӊ шамасы жете бермейтінін айтты.

- Көптеген елдер қиын жағдайда қалды және әлеуметтік кірістерін қысқартуға, жобаларын тоқтатуға мәжбүр болып отыр, нәтижесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаӊа нарықтарға жол ашып отырмыз. Дағдарысқа қарсы біздіӊ экономикалық саясатымыз тек экономикалық өсімніӊ жаӊа жолдарын іздеу мен табуға ғана бағытталып отырған жоқ. Меніӊ тапсырмаларымныӊ бәрініӊ түпкі мақсаты - қарапайым адамныӊ мұӊ-мұқтажы, оныӊ әл-ауқаты мен тұрмысыныӊ тұрақтылығы, - деді Қазақстан Президенті.

Жиын барысында елдіӊ 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және биылғы жоспарлар туралы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев, мемлекеттік бюджеттіӊ 2015 жылғы атқарылуы жөнінде Қаржы министрі Б.Сұлтанов, ақша-несие саясаты жөнінде Д.Ақышев баяндама жасады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны