12.02.2020, 00:09 3291

Дариға Назарбаева: Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы - ол өз азаматтарымызды отандық өніммен қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы парламенттік тыңдауға дайындық барысында мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орналастыру сұрақтары бойынша мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу өткізді

Алматы. 12 ақпан. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева парламенттік тыңдауға дайындық барысында мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орналастыру сұрақтары бойынша мемлекеттік орган өкілдерімен кездесу өткізді.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, қорғаныс ведомстволары, индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика және еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері қатысты.

Дариға Назарбаева елімізде өнім өндіруге барлық мүмкіндік барын атап өтті.

"Мәселе ресурстардың жетіспеуінде, жалпы аталған саланы дамытудағы мемлекеттік стратегия жеткілікті деңгейде ойластырылмаған. Сондай-ақ, біз ішкі нарықтың сапасыз өнімдерге толуына жайбырақат қараймыз", - деді ол.

"Qaz Textile Industry" директорлар кеңесінің төрағасы Бауыржан Жамалов мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс және қорғаныс күші құрылымының сатып алу саласындағы жүйеленген проблемалар туралы айтты.

"Тапсырыс берушілер өнімді өндіруге жұмсалатын уақытты есептемей, оны аз уақытта жеткізу талабын қояды. Шикізаттан дайын өнім шығару уақытын ескермейді", - дейді ол.

Сондай-ақ, отырысқа қатысушылар мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс алушылардың техникалық ерекшелік құрамындағы мәселелерді талқыға салды. Жеңіл өнеркәсіп өкілдері техникалық талаптардың көрсетілуі тиістігін және оны тапсырыс берген соң өзгертпеу керектігін айрықша айтып өтті. Одан бөлек, шикізат бойынша да кезек күттірмес мәселелер тұр.

"Мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысты заңнама отандық өндірілген шикізатты қолдануды міндеттемейді", - деді Б. Жамалов.

Сенат басшысының айтуынша, мемлекеттік органдардың жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша сатып алуға жұмсалатын бюджет қаражаты проблемасын кеңінен қарау маңызды. "Мемлекеттік тапсырыс туралы хабарландыру жариялап, оны арзан бағамен сатып алумен шектеліп, ішкі ведомстволық сұрақтарды ғана шешіп қоймау қажет. Мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаражат, біздің экономикамызға жұмыс істеп, өз кәсіпкерлеріміздің аяғына тік тұруына жұмыс істеуі тиіс. Яғни жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өнімдердің жандануына ықпал етуі тиіс. Қазіргі нарықтағы отандық тауарлардың сапасы өте жақсы. Біздің мамандар ешкімнен кем емес, өз істерінің шебері", - деді Д. Назарбаева.

Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері қазақстандық әскери қорғаныс күші құрылымдарының көбінесе импорттық матадан тігілген өнімдерді таңдайтынын мәлім етті.

Өз кезегінде Д. Назарбаева қорғаныс және әскер саласын азық-түлік және басқа да қажетті бұйымдармен тек отандық өндірушілердің қамтамасыз ету керектігін ерекше айтып өтті. "Бұл ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы - ол өз азаматтарымызды отандық өніммен қамтамасыз ету. Ол үшін бізде барлық қажетті адами, материалдық және қаржылық ресурстар бар. Әзірге әр мекеменің қызығушылығы әртүрлі болып отыр", - дейді ол.

Сенат төрайымы жеңіл өнеркәсіп өндірушілеріне күрделенген мәселелерді шешу мақсатында Үкіметпен бірлесіп, сала стандарты мен методологиясын реттеуді ұсынды.

Кездесуді қорытындылай келе, Парламент Сенатының төрайымы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетіне жиында көтерілген мәселелерді зерттеп, Парламенттік тыңдауға әзірлеуді тапсырды.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны