06.10.2021, 15:01 25387

Депутат: Отын бағасының өсуі - саланы басқарудағы жүйелі дағдарыстың нәтижесі

НҰР-СҰЛТАН. 6 ҚАЗАН - Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Қазақстанда отын жетіспеушілігінің себебін түсіндірді.
 
Депутат Айқын Қоңыров жанармай тапшылығына байланысты тасымалдаушылар арасында әлеуметтік шиеленіс көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
 
Ол отын жеткізудегі мәселе мен бағаның өсуі кей өңірлерде жазда да байқалғанын, соған байланысты күзде жанармай тапшылығы болатыны болжанғанын айтты.
 

Қазір Қазақстанда болып жатқан отын жетіспеушілігі - ЖМҚС-дағы ғана емес, бүкіл саланы басқарудағы дағдарыс", - деді Айқын Қоңыров вице-премьер Роман Склярға жолдаған сауалында.

 
Депутаттың пікірінше, нарықтық теңгерімсіздікті жоюда, жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуде ешқандай жүйелі шешім жоқ, тек проблемаларды анықтап жатыр.
 

Бұның салдарын халық та, бизнес те көріп отыр. Мемлекет тарапынан қолдау таба алмаған тасымалдаушылар арасында әлеуметтік шиеленіс көбейіп жатыр. Мемлекеттік органдар мұнай өнімдері қалдықтарының жалпы көлемін көрсетіп, тапшылық мәселесін мойындамай отыр. Бірақ автокөлік иелері мен тасымалдаушыларға құр есеп емес, ЖМҚС-та еркін жанармай құя алатындай мүмкіндік керек", - деп мәлімдеді Айқын Қоңыров.

 
Депутат отын тапшылығы мен бағаның тұрақсыздығы ұзақ уақытқа созылатынын айтты.
 

Тапшылық пен қымбаттаудың себебі - отандық арзан отынның көрші елдерге кетуі. Жағдайды шешуде басқа жолы ұсынылады, яғни Ресейден қымбат отын сатып алу. Мұндай парадоксалды экономика "арзан сатсаң, қымбат сатып ал" қағидасы бойынша отын нарығындағы тығырыққа әкелген саясаттың салдарынан, ұзақ мерзімді тұжырымдаманың болмауынан туындап отыр", - деп пікірін толықтырды Қоңыров.



Ақпарат көзі: tengrinews.kz
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны