03.02.2016, 20:06 4328

Электронды саудада баға тек теӊгемен белгіленеді

Елімізде электронды сауда жасау ережелерініӊ өзгеруі түрлі салалардыӊ нарығына жағымды әсер етеді

Астана. 3 ақпан. Kazakhstan Today - Елімізде электронды сауда жасау ережелерініӊ өзгеруі түрлі салалардыӊ нарығына жағымды әсер етеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Отандық сарапшылардыӊ пікірі осы. Еске сала кетейік, 2 ақпаннан бастап ғаламторда тауарлар мен көрсетілген қызметтер бағасы енді тек ұлттық валютамен көрсетілуі тиіс. Қазіргі таӊда экономиканы долларсыздандыру мәселесі көптеген мемлекеттіӊ қаржы саласыныӊ күн тәртібінде тұр. Бұл түйткілден Қазақстан да шет қалған жоқ. Бір жыл бұрын Үкіметтіӊ кеӊейтілген отырысында Президент ел ішінде қаржылай операцияларды тек теӊгемен жүргізуді тапсырған болатын. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі электронды сауданы ұлттық валютамен ғана жүзеге асыру туралы бұйрық шығарды, деп хабарлайды www.24.kz тілшісі.

Бұл шешім негізінен тұрғын үй мен көлік нарығына қатысты болып тұр. Өйткені дәл осы салаларда адамдар шетел валютасымен есеп айырысуға үйренген. Қазақстанныӊ риэлторлар қауымдастығыныӊ президенті Елена Гриваныӊ айтуынша, бұл жаӊашылдық ел арасында ешқандай алаӊдаушылық туғызған жоқ.

Елена Грива, Қазақстан риэлторлары қауымдастығыныӊ президенті:

- Енді біздіӊ нарықта тұрақтылық орнайды. Біз үшін бұл - көптен күткен өзгеріс. Сатушылар да, сатып алушылар да доллар бағамыныӊ ауытқуларына қарамайтын болды. Көрші Ресей елінде бұл тәжірибе сәтті жүзеге асырылып жатыр. Соӊғы екі күн ішінде маған осы мәселе бойынша бірде-бір адам хабарласып, наразылық білдірген жоқ. Меніӊше, халық теӊгемен есеп айырысуға дайын болды.

Көлік сату туралы жарнамаларды жариялайтын сайттардыӊ басым бөлігі де тауар құнын доллармен немесе рубльмен көрсететін. Бұйрық шыққан бетте бұл порталдарда темір тұлпарлардыӊ баға көрсеткіштері өзгерді. Тұтынушыларға ыӊғайлы болуы үшін шетелдік валютамен белгіленген баға автоматты түрде теӊгеге ауыстырылады. Автокөлік нарығын тұрақтандыру үшін бұл таптырмас шешім.

Андрей Лавреньтев, Қазақстандық автобизнес қауымдастығыныӊ президенті:

- Біз доллардан бас тарту туралы шешімді толығымен қолдаймыз. Халықтыӊ есеп айырысу менталитетін өзгерту қажет. Біріншіден, енді көлікті сатып алу кезінде адамдарда алаӊдаушылық болмайды. Көлік сататын салондар үшін де бұл жақсы жаӊашылдық болды. Екіншіден, халықтыӊ ұлттық ақшамызға деген құрметі артады.

Ұлттық валютаныӊ беделін одан әрі арттыру үшін отандық өнімді пайдалануымыз керек. Тек импорт көлемін төмендету арқылы ғана долларға деген сұранысты азайтуға болады. Сарапшы Сапарбай Жобаевтыӊ пікірі осыған саяды.

Сапарбай Жобаев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ "Қаржы" кафедрасыныӊ аға оқытушысы:

- Трансұлттық компаниялар да осы бағытты көбірек жүзеге асыруы керек. Себебі, олар қай мемлекеттен келсе, ол компания өз тауарын, өз жұмысшыларын әкелуге әрекет жасайды. Сонда біз оларға шетелдік валютада төлеуіміз керек. Менеджментін әкелетін болса, біз мерчендайзинг, франчайзингті азайтып, әсіресе, мемлекеттік сатып алуда тек теӊгемен жұмыс істейтін компаниялармен жұмыс істеп, соларға шарт қою керек.

Ұлттық валютамызды нығайту жолында бірқатар батыл қадамдар жасалды. Енді ірі кәсіпорындар да келісімшарттарды теӊге арқылы жүргізуі тиіс.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны