09.08.2006, 18:08 3063

Елімізде арнаулы науқан барысында салық мекемелерінде 1,2 млн. теңгенің мүлкі заңдастырылады - толықтырылған нұсқа

АСТАНА. 9-тамыз. Kazakhstan Today. Елімізде қазір арнаулы науқан барысында салық мекемелерінде 1,2 млн. теңгенің мүлкі заңдастырылуда. Бұл туралы ҚР қаржы министрлігі салық комитетінің төрағасы Нұрлан Рахметов бүгін өткен баспасөз мәслихатында құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазіргі жағдаймен салық мекемелеріне мүлікті заңдастыру жөнінде 10 өтініш келіп түсті. 9 өтініш қабылданды",- деді Н.Рахметов. Оның айтуынша, заңдастырылатын мүліктің жалпы құны 1,2 млн. теңгені құрайды. Олардың 1 млн. теңгесі - заңдастырылатын ауылшаруашылығы техникасының құны.

Комитет төрағасының айтуынша, "мүлікті заңдастыру шаралары Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылған".

Бұған қоса комитет төрағасы барлық техникалық және процедуралық мәселелер шешілгеннен кейін заңдастыру шарасы қазіргіден қарқынды жүргізіледі дегенге сенім білдірді.

"Өткен аптада мүлікті заңдастыруға байланысты алым жинайтын 206110 санды бюджеттік классификациялық код бекітілді. Қазіргі жағдаймен екінші деңгейлі банктер одан хабардар болды. Демек, мүлікті заңдастырушы субьектілер енді осы алымды төлей алады. Сол себепті келесі аптадан бастап салық мекемелеріндегі мүлікті заңдастыру шарасы қарқындана түседі деп сенеміз",- деді Н.Рахметов.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мүлікті заңдастыру науқаны "Мүлікті заңдастыруға байланысты рақымшылық жариялау туралы" заңды жүзеге асыру аясында 1-шілде мен 31-желтоқсан аралығында жалғасады. Науқан барысында жылжымалы және жылжымайтын мүлік заңдастырылмақ. Заңға сәйкес, заңдастыру шарасы салық мекемелері арқылы да, жергілікті атқарушы билік органдарындағы арнаулы комиссиялар арқылы да іске асырылады. Салық мекемелері арқылы республика аумағынан тысқары жерлердегі ақша мен бағалы қағаздар, жылжымайтын мүліктер, сондай-ақ, тиісті адамның атына рәсімделмеген мүлік пен бағалы қағаздарды заңдастыруға болады. Ал жергілікті атқарушы билік органдарындағы арнаулы комиссиялар меншіктену құқығы заңға сәйкес рәсімделмеген Қазақстан аумағындағы жылжымайтын мүлікті легализациялайды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны