18.02.2014, 19:20 15442

Елімізде "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту" жобасын іске асыру одан әрі жалғасуда

Шаруа қожалықтарының қарқынды дамуы кезінде оларға қажетті ақпарат тапшылығын жою үшін "Қазагромаркетинг" акционерлік қоғамы сол 2011 жылдан бері өзінің call-орталығы арқылы отандық өндірушілерге мал шаруашылығына қатысты тегін консультациялар ұйымдастырып келеді.

Алматы. 18 ақпан. Kazakhstan today. 2011 жылдан бері елімізде "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту" жобасы іске асырылуда.

Бұл жоба аясында шаруа қожалықтары жетекші рөлге ие. Себебі дәл осы шаруашылықтар малды өсіріп, кейіннен оны бордақылау алаңдарына өткізеді. Ал бордақылау алаңдары малды соңына дейін семіртіп, экспортқа жіберілетін ет партияларын дайындайды. Яғни бордақылау алаңдарын малмен қамтамасыз ететін - шаруа қожалықтары.

Шаруа қожалықтарының қарқынды дамуы кезінде оларға қажетті ақпарат тапшылығын жою үшін "Қазагромаркетинг" акционерлік қоғамы сол 2011 жылдан бері өзінің call-орталығы арқылы отандық өндірушілерге мал шаруашылығына қатысты тегін консультациялар ұйымдастырып келеді.

Сол уақыттан бастап кез келген адам 8 800 080 70 80 нөміріне хабарласып, компанияның негізінде қызмет ететін Мал шаруашылығындағы консалтинг орталығының сарапшыларына өзін қызықтыратын сауалын жолдап, кеңес ала алады. Оның үстіне орталық сарапшылары тек қана етті ірі қара мал ғана емес, сүтті ірі қара мал шаруашылығын дамыту, басқа да мал шаруашылығы салалары - қой, түйе, жылқы шаруашылықтарына қатысты барлық сауалға жауап береді.

Мал шаруашылығындағы консалтинг орталығы сарапшыларының мәліметінше, негізінен отандық шаруаларды қызықтыратын тақырыптар - бұл мал азығын қамтамасыз ету, малды дұрыс азықтандыру, малды ұдайы көбейтіп отыру, мал ауруларымен күресу мәселелері.

Жыл басынан бері орталық сарапшылары телефон арқылы 90 консультация өткізген. Сауалдардың жартысынан көбі мал ауруларын емдеу мен олардың алдын алу мәселесіне арналған.

Сонымен қатар хабарласқандарды жиі қызықтырған мәселе - ол малды дұрыс бағу және азықтандыру проблемалары.

Айта кетерлігі, отандық шаруа қожалықтарын шет елдерден әкелінген малдарды жергілікті климатқа бейімдеу мәселелері де жиі қызықтырады екен.

Естеріңізге салатын болсақ, "Қазагромаркетинг" АҚ-ның сall-орталығы 2008 жылы құрылған. Бұл желі арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері аграрлық саланы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратты біліп, шаруа қожалықтарын ұйымдастыру мәселелері, оның ішінде малды азықтандыру, мал азығын дайындау, малды өсіру, селекциялық-асылдандыру мен ветеринариялық шаралар турасындағы мәліметтермен қаныға алады.

Айта кетерлігі, бұл желіге кез келген оператордың ұялы нөмірінен және еліміздің кез келген аймағындағы стационарлық телефоннан тегін хабарласуға болады.

Сall-орталығының қызметі жұмыс күндері Астана уақыты бойынша сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін қолжетімді (үзіліс 13.00-ден 14.30-ға дейін). Жұмыс уақытынан тысқары мезгілде хабарласқандардың қойған сауалдары таспаға жазылып, кейіннен операторлардың назарына ілінеді.

"Қазагромаркетинг" АҚ-ның байланыс орталығы 8 800 080 70 80 нөмірі бойынша жұмыс істейді.

"Қазагромаркетинг" АҚ-ның ("ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ның еншілес компаниясы) миссиясы ауылшаруашылық тауарлары мен қызметтерін дамытудың нарықтық инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады. Ол үшін компания өзінің ауылдық кеңес беру орталықтары арқылы қазіргі заманғы ең озық ақпараттық технологияларды пайдаланып шаруалардың ақпаратқа деген қолжетімділігін арттыруда.

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ АӨК саласында қызметін жүзеге асыратын акционерлік қоғамдарды тиімді басқару арқылы Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру мақсатында 2006 жылы құрылды. Холдингтің құрамына "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" ҰК" АҚ, "ҚазАгроӨнім" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ, "ҚазАгроКепіл" АҚ, "Қазагромаркетинг" АҚ кіреді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны