07.09.2007, 15:23 3027

Еліміздегі ақша айырбастау бөлімшелеріндегі ахуал тұрақтанды - Ұлттық банк төрағасы

Еліміздегі ақша айырбастау бөлімшелеріндегі ахуал тұрақтанды.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 7 қыркүйек. АЛМАТЫ. Еліміздегі ақша айырбастау бөлімшелеріндегі ахуал тұрақтанды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы Инуар Сәйденов мәлімдеді.

"Тамыздың аяғындағы бірнеше күн бойы қолма-қол шетелдік валюта нарығында белең алған долларға деген жоғары көлемді сұраныс Қазақстанның банк жүйесінде дағдарыс болатындығы туралы қауесеттердің кесірінен туындады. "Осындай жағдайда нарықтағы ахуалда айырбастау бөлімшелері үстемдік құрды. Ал қазір жағдай тұрақтанды", - деді Ұлттық банк төрағасы.

И. Сәйденовтың айтуынша, мұндай дүрбелеңнің тууына бірқатар факторлар әсер етті. Атап айтсақ, "банктердің айырбастау бөлімшелері мен биржа жұмыс істемей қалған мереке күндері кедендік комитет тауар импорты, соның ішінде валюта импортының жаңа ережелерін енгізді... осыған байланысты валюта дер кезінде кедендік рәсімдеуден өтпей қалды". Сонымен бірге, ахуалға әдеттегіден көп мөлшерде енгізілген валюта көлемі де әсер етті. "Бұл еліміздегі қалыпты ахуал. Ұлттық банк қолма-қол 200 млн доллар енгізді. Сонымен бірге, кеден комитеті банктер ел аумағынан ірі көлемде валюта алып шығуда деген мәлімдеме жасады. Бұл да қалыпты жағдай, өйткені, олар көршілес елдерді валютамен қолдап отыр, бұл қалыптыв тәжірибе", - деді ол.

Таратылған баспасөз баянының мәліметтерінше, валюта нарығында Ұлттық банк көбінесе шетелдік валютаны сатушы ролін атқарған. Банктің шетелдік валюта саудасының нетто көлемі 2007 жылдың тамыз айында 4,6 млрд долларға, соның ішінде Қазақстан қор биржасындағы саудасы 3,7 млрд долларды, банкаралық нарықта - 0,9 млрд долларды құрады.

И. Сәйденовтың айтуынша, Ұлттық банк қолма-қол шетелдік валюта нарығындағы оқиғаларды мұқият қадағалап отыр және халықты "түрлі қауесеттердің жетегінде кетпеуге шақырады".

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны