13.05.2020, 19:58 9892

Еліміздің құрылыс секторында коронавирустық пандемияға байланысты тұралауға жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр

Қазір еліміздің құрылыс секторында төтенше жағдайдың кері әсерін жеңілдету және коронавирустық пандемияға байланысты тұралауға жол бермеу мақсатында мемлекет барынша қажетті шаралар қабылдауда.

Алматы. 13 мамыр. Kazakhstan Today - Еліміздің құрылыс секторында коронавирустық пандемияға байланысты тұралауға жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр.

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде елімізде құрылыс саласын қолдауға бағытталған бірқатар нақты шаралар қарастырылған. Оның ішінде әкімдіктерге мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке құрылыс салушылардан дайын тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі берілді. Осы мақсатта биыл 4 мыңнан астам пәтер сатып алу үшін 35 млрд. теңге бөлу жоспарланған. Бұл ретте республикалық бюджеттен қаражат шектеулер бойынша бөлінеді (1 шаршы метр үшін - 140-180 мың теңге). Әкімдіктер тұрғын үйлерді сатып алу кезінде жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыра алады.

Қазір еліміздің құрылыс секторында төтенше жағдайдың кері әсерін жеңілдету және коронавирустық пандемияға байланысты тұралауға жол бермеу мақсатында мемлекет барынша қажетті шаралар қабылдауда.

1. ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 13 сәуірдегі шешімімен қызметкерлердің жұмыс орындарында қашықтығын сақтай отырып, талап етілетін санитарлық-эпидемиологиялық шаралар сақталған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы кезең-кезеңмен жандандырылады.

2. Ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы өнеркәсіп және құрылыс кәсіпорындары, сондай-ақ қызмет көрсету саласының белгілі бір секторлары, оның ішінде құрылыс компаниялары, асфальт және бетон зауыттары, көлемі 2 мың шаршы метрден асатын ірі құрылыс дүкендері жұмыстарын қайта жандандырды. Өзге өңірлерде де бұл жұмыс жалғасуда.

Кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерінің тізбесін олардың қызметкерлерінің нақты санымен, жұмыс уақыты мен жеткізу тәсілдерімен өңірлердің жедел штабтары айқындайды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ағымдағы жылдың 27 сәуірінде мәлімдегендей, дертке қатысты ахуал ушықпаса, төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталуы тиіс.

Салынып жатқан объектілерді тапсыру мерзімінің бұзылуына жол бермеу мақсатында әкімдіктерге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кестесін қайта қарау және карантиндік шараларды алып тастағаннан кейін әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылыс қарқынын күшейту қажеттігі туралы ұсынымдар жолданды.

Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде барлық қаржыландыру көздері есебінен 14 млн. шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салу жоспарланған.

Әкімдіктер мемлекеттік инвестициялар есебінен 269 млрд. теңгеге әлеуметтік тұрғын үй және тұрғын үй құрылысы аудандарына инфрақұрылым салу бойынша 730 жобаны іске асырады.

Құрылыстың ағымдағы көлемін қолдау үшін Ұлттық банк кезекте тұрған адамдар үшін әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру мақсатында "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ-на жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алуына жылдық 4%-бен 180 млрд. теңге қосымша бөледі.

Сондай-ақ, "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде жер учаскесі және бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасы, аяқталмаған объектілері бар әкімдіктер мен жеке құрылыс салушылар кезекте тұрғандар үшін кредиттік тұрғын үй жобаларын іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалануда.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша дағдарыстық жағдайлар кезеңінде бір көзден, яғни оңайлатылған конкурс түрінде құрылыс-монтаж жұмыстарын сатып алуды жүзеге асыру үшін ҚР Үкіметінің Қаулысымен Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібіне түзетулер енгізілді. Бұл шара конкурс өткізу процесін 45-60 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласын қолдау үшін құрылыс индустриясын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Импорт алмастыру бойынша 33 жаңа жоба іске асырылуда. Оның ішінде шыныға қажеттілікті жабу үшін Қызылорда облысында көлемі 32 млрд. теңгеге шыны зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында 13 млрд. теңгеге полиэтилен құбырларын өндіру іске қосылады ("Kerim plastic pipes" ТШС). 26 млрд. теңгеге керамика ("Зерде керамика Ақтөбе" ЖШС) және 40 млрд. теңгеге арматура ("Тараз Арматуралық зауыты" ЖШС) өндірісі ұлғаюда.

Ірі құрылыс компанияларымен және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының шеңберінде 100% импорт алмастырумен отқа төзімді кірпіштер, жабын материалдары, санфаянс және лак-бояу бұйымдары өндірісі жобаларын іске қосу пысықталуда. Бұл кәсіпорындар іске қосылса, импорт үлесі 54% дейін төмендейді және тұрғын үй құрылысында отандық құрылыс индустриясы өнімдерін қолдану 95% дейін артады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес валюта бағамы өзгерген кезде жергілікті және республикалық бюджеттерден қаржыландырылатын жобаларды түзету және мемлекеттік сараптама жасағанда тиісті бюджеттік комиссияларда қосымша шығыстарды қарау мүмкіндігі қарастырылады.

Сондай-ақ, биыл сметалық-нормативтік базаны жаңарту және нарықтық бағаларды ескере отырып, кезекті жинақтар шығаруды іске асыру жоспарланып отыр.

Жалпы ҚР ИИДМ құрылыс саласын қолдау жұмыстарын тұрақты түрде жүзеге асыруда.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны