17.08.2006, 18:05 3205

Еліміздің 9 миллионыншы қазағы 2006 жылдың 10 маусымында тіркелді

АЛМАТЫ. 17-маусым. Kazakhstan Today. Еліміздің 9 миллионыншы қазағы 2006 жылдың 10 маусымында тіркелді. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР статистика агенттігінен хабарлады.

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі еліміздегі қазақтардың саны биылғы жылдың 1 шілдесіне 9 008 016 адамды құрағанын бұрын хабарлаған болатын. Ұлт пен еліміз үшін тарихи маңызы бар елеулі оқиға - елімізде 9 миллионыншы қазақтың тууына байланысты, статистика агенттігі оның кім екендігін анықтау мақсатында халықтың азаматтық хал жағдайын тіркеу жөніндегі уәкілетті органдары мен көші-қон полициясы қызметтерінің 2006 жылдың қаңтар-маусымындағы мәліметтері негізінде жасалған демографиялық деректер базасын статистикалық әдіснамалық әзірлемелерге сәйкес өңдеді. Нәтижесінде 10 маусымға қазақтардың саны 8 999 777 адамды құрағаны анықталды. Сонымен қатар, 10 маусымда АХАЖ органдарының тірі туған 191 қазақты және қайтыс болған 62 қазақты тіркегені, көші-қон полиция қызметтерінің шет елдерден елімізге келген 129 қазақты және елімізден сыртқа кеткен 1 қазақты тіркегені белгілі болды. Қорытындысында қазақтардың саны 10 маусымда 257 адамға өсіп, 11 маусымға 9 000 034 адамды құрады. Сөйтіп, Статистика агенттігі еліміздің 9 миллионыншы қазағы 2006 жылдың 10 маусымында тіркелгенін анықтады. Сондай-ақ, жоғарыда айтылған 191 тірі туғандар арасынан тек үшеуінің ғана туған күні мен тіркелген күні 10 маусым екені, бірақ, өкінішке орай, біреуінің сол күні қайтыс болғаны, ал қалған екеуінің егіздер екені белгілі болды.

Осыған орай, статистика агенттігі, осы егіздің ішінен бірінші туған және 2006 жылдың 10 маусымында Индербор кенттік әкімшілігі бірінші тіркеген Исем атты қызды Қазақстандағы қазақ ұлтының 9 миллионыншы тұрғыны деп хабарлайды. Исемнен кейін туып және одан кейін тіркелген інісі Исет, келесі - 10 миллионыншы көштің жол бастаушысы болып отыр.

Исем мен Исет Атырау облысы Индер ауданының перзентханасында дүниеге келген. Олардың тегі атасының аты бойынша, Мақтым деп жазылды. Жаңа туғандардың ата-аналары Индербор кентінде тұратын Абзал Мақтымұлы Изірбай мен Гүлфан Хайроллақызы Бейсенғалиева. Исем мен Исет олардың тұңғыштары.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны