28.11.2006, 14:30 2966

Еліміздің туризм және спорт министрлігінде қаржылық заң бұзушылықтар анықталды

АСТАНА. 28-қараша. Kazakhstan Today. Еліміздің туризм және спорт министрлігі және оған бағынышты спорт комитетінде кейінгі үш жылда жалпы сомасы 1750,3 млн.теңге көлеміндегі заң бұзушылықтарға жол берген, оның ішінде 821,9 млн.теңге бюджет қаражатын - тиімсіз, 224,8 млн.теңгені - негізсіз жұмсаған, сондай-ақ өзге заң бұзушылықтар 703,0 млн.теңгені құрады. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптары 3748,2 млн.теңге көлемінде бұзылған. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігі Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрлік үкіметтің қаулыларын орындамау салдарынан Риддер қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына берілуі тиіс "Лениногор" шипажайы республика меншігіне берілмей қалған және Олимпиадаға дайындық орталығы туралы ереже әзірленбеген.

Уәкілетті орган штаттық ұлттық командалар мен спорттық резервтің жетекші спортшыларымен және бапкерлерімен келісім-шарттар жасасқан кезде олардың жұмысының түпкілікті нәтижесі ескерілмей қалған, бұл өз кезегінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкелді.

Тексеру барысында "Штаттық ұлттық командалар мен спорттық резерв дирекциясы" РМҚК мен Астана қаласының "Олимпиадаға дайындық орталығы" бойынша қонақ үйлерде тұрғаны және тамақтанғаны үшін ақша төленгенін растайтын құжаттарсыз есептен шығарылған 5,0 млн.теңгенің орны толтырылды.

Спорт комитеті мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын бұза отырып, аффилирлік байланыстағы және шарттағы міндеттемелерін әрдайым орындай бермейтін тұлғалардың ашық байқауға қатысуына жол берген.

Жалпы сомасы 40 млн.теңгенің спорттық жабдықтары мен саймандары сатып алынып, бірнеше жылдар бойы пайдаланбай жатқаны анықталды.

Мектеп-интернат оқушыларының оқу мерзіміне, дене шынығу деңгейіне, спорттық нәтижелеріне қатысты нақты өлшемдер мен нормативтерді белгілейтін Регламент пен ереженің болмауы салдарынан мектеп-интернаттарға бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған.

Спорт комитеті спорттық мақсаттағы объектілердің жөндеу және құрылыс жұмыстарына бақылау жасамағандықтан, республикалық бюджет қаражатының елеулі бөлігі негізсіз жұмсалып кеткен. Жекелеген мердігерлер құрылыс жүргізу барысында банк кепілдемесін кешіктіріп ұсынған, алынған авансты бірнеше ай бойы айналымға жіберген, ал бұл үшін тапсырыс беруші айыппұл салмаған.

Отырысты қорытындылай келе, Есеп комитеті Туризм және спорт министрлігіне, ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне Шығыс Қазақстан облысының әкімімімен бірге 2 ай ішінде Риддер қаласындағы Республикалық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына берілуі тиіс "Лениногор" шипажайын республика меншігіне беру туралы Қазақстан Республикасы үкіметі қаулысының орындалуын қамтамасыз етуді; министрлікке бапкерлермен жасалатын келісім-шарт талаптарын әзірлеуді, жергілікті бюджеттен жекелеген спорттық іс-шараларды қалыптастыруды, сатып алынған спорттық жабдықтарды бір ай ішінде пайдалануға беруді; қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетіне мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарын бұзған лауазымды адамдарды әкімшілік жазаға тарту жөнінде шаралар қолдануды ұсынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны