25.05.2009, 18:29 4254

Есеп комитеті 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын өз есебін ұсынды

Есеп комитеті 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын өз есебін ұсынды

Астана. 25 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Есеп комитеті 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтің есебіне қорытынды болып табылатын өзінің есебін ұсынды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бірінші бөлімде "2008 жылғы республикалық бюджет туралы" заңның бюджет жүйесінің принциптеріне сай атқарылуы мен бюджеттің еліміздегі макроэкономикалық жағдайға әсері бағаланған.

Макроэкономикалық көрсеткіштерді талдау Үкіметтің болжаған шамаларын іс жүзінде қалыптасқан көрсеткіштермен салыстыра жүргізілген.

Республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің атқарылуы оларға жасалған болжамның сапасымен өзара тығыз байланысты екендігін көрсетеді.

Біздің бағалауымызша, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерді болжаудағы қателіктер бюджет процесіне қатысушыларды жаңылтып, бюджеттің атқарылуына айтарлықтай әсерін тигізді. Осыған байланысты, "Республикалық бюджет туралы" Заңға жыл бойы өзгерістер енгізуге тура келді.

Мәселен, заңға екі мәрте өзгерістер енгізіліп, оны іске асыру туралы нормативтік актіге 14 рет түзету жасалды, ал болжамдық көрсеткіштерді үкімет 17 рет өзгерткен.

Жалпы, 2008 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері президенттің Қазақстан халқына жолдауына сәйкес орындалған.

Алайда, республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің бекітілген жоспарының орындалмауынан, ұлттық холдингілердің есепшоттарында қомақты қаражаттың жинақталуынан бірқатар өзекті әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешудің мүмкіндіктері уыстан шығып кетті.

"2008 жылғы республикалық бюджет туралы" Заңның негізгі баптарының іске асырылуы кезінде мақсаттарының сақталуына, сондай-ақ бөлінген қаражаттың игерілу толықтығының бюджет жүйесінің принциптеріне сай атқарылуына Есеп комитетінің жүргізген бағалауы жоспарлау жүйесін жетілдіру, бюджет қаражатын пайдаланудың, сондай-ақ мемлекет активтерін басқарудың тиімділігін арттыру сияқты елеулі проблемалардың бар екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы тұрақсыздықтың келеңсіз салдарларын жұмсарту бойынша бірінші кезектегі шараларға бағытталған бюджет қаражатының көлеміне бағалау жүргізілді.

Дағдарысқа бағытталған 560 млрд астам теңгенің мемлекеттік холдингілер мен олардың еншілес ұйымдарының есепшоттарында жатқанын және екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне салынған.

Есептің екінші бөлімінде республикалық бюджетке түскен түсімдердің атқарылуына талдау жасалып, баға берілген. Үкімет берген мәліметтердің негізінде бақылау іс-шараларымен салыстыра отырып, салықтық және кедендік түсімдерге оларға әкімшілік етудің қалыптасқан деңгейімен өзара байланыста жан-жақты талдау жүргізілді.

2008 жылғы республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің құрылымы атқарылу қорытындысы бойынша бұрынғы жылдардың көрсеткіштерінен ерекшеленеді. Ұлттық қордан түскен трансферттер 32,3%-ға ұлғайған тұста, салық түсімдерінің үлесі бар болғаны 62,4%-ға жетті.

Экономиканы жайлаған дағдарыс және осыған байланысты жүйе құраушы кәсіпорындардың өнім өткізу көлемінің азаюы салық түсімдерінің айтарлықтай төмендеуіне алып келді.

Жер қойнауын пайдаланушылар мен банк секторынан түсетін КТС түсімдерінің көлемі азайып, нөлдік ставкамен қайтарылған ҚҚС көлемі ұлғая түскен.

Бұл ретте бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмай қалуына себеп болған объективті жайттарға кейбір субъективті факторларды да жатқызуға болады. Мәселен, салық органдары есептеген қосымша салықтар мен төлемдерді бюджетке өндіріп алудың деңгейі төмен күйінде қалып отыр, сондай-ақ бересі мөлшерінің өсуіне жол берілген.

Есеп комитетінің бағалауынша, жалған кәсіпкерліктің алдын алу бойынша қызметтің тиімсіздігінен, камералық бақылауды жүргізу мәселелерінде жүйеліліктің болмауынан, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілік етудегі олқылықтардан 6,1 млрд теңгенің заң бұзушылықтарына жол берілген.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының аумағында жасалған тауарларға, орындалған жұмыстарға және көрсетілген қызметтерге салынатын ҚҚС түсімдері жоспарының орындалмай қалғанын атап өтеміз.

Республикалық бюджетке жоспарда мөлшерленген 171,3 млрд теңгенің орнына 96 млрд теңгеден сәл асатын салықтар түскен. Нөлдік ставкамен қайтарылған ҚҚС көлемі 250 млрд теңгеден асып отыр. Бұл жайт, үкімет тарапынан осы саладағы ырықтандырудан күтілетін нәтижеге байланысты мұқият талдауды қажет етеді.

Сонымен салықтық және кедендік әкімшілік етудегі анықталған кемшіліктер ұсынылып отырған салықтық жеңілдіктер мен артықшылықтардың экономикалық тұрғыдан айтарлықтай нәтиже бермей отырғанын көрсетеді.

Есептің үшінші бөлімінде 2008 жылғы бюджет шығыстарының атқарылу нәтижелеріне баға берілген. Бақылау-талдау іс-шараларының қорытындысы бойынша мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, министрліктердің бюджеттік бағдарламаларын, оның ішінде стратегиялық жоспарлау жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру кезінде жол берілген негізгі кемшіліктер келтірілген.

Сондай-ақ осы бөлімде трансферттерді пайдалану бойынша талдау мен бағалаудың қорытындысы қамтылған.

Бюджеттің шығыс бөлігін нақтылаудың нәтижесінде Үкімет 13 бюджеттік бағдарламаны алып тастап, жаңадан 94-ін қосты. 2008 жылдың қорытындысы бойынша, іс жүзіндегі шығыстар 3 823,3 млрд теңге, немесе нақтыланған көрсеткіштің 99,7%-ы болды.

Республикалық бюджет шығыстарының екі мәрте нақтыланып, бірнеше рет түзетілгеніне қарамастан, 2008 жылдың қорытындысында 13,1 млрд теңге игерілмеген.

Сонымен бірге дебиторлық берешек ұлғайып, 52,2 млрд теңгені құрады.

Елдің экономикалық дамуын ынталандыру көбінесе мемлекеттік және салалық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады.

Алайда Есеп комитетінің бақылау-талдау іс-шаралары көрсетіп отырғандай, қажетті инвестициялардың өсу мақсаты мен көлемдері арасындағы тепе-теңдік нашар сақталған. Салалық басымдықтарды үйлестіру мен белгілеудің, оларды өңірлік экономикамен байластырудың айқындалмағаны анықталды.

Сондай-ақ осы бөлімде республикалық бюджеттен өңірлерге бөлінетін нысаналы трансферттердің жылдан жылға ұдайы ұлғайып отыруына назар аударылған.

2008 жылы жергілікті бюджеттер кірісі 15 млрд теңгеге төмендеген тұста, жергілікті бюджеттерге трансферттер 2007 жылға қарағанда, 332,9 млрд теңгеге артық түскен.

Сонымен, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі ұдайы артып келеді. Бұл олардың кіріс базасын өсіруіне ынтасын төмендетеді.

Біз бірнеше мәрте үкіметтің назарын бюджетаралық қатынастардың проблемаларына аударған едік. Біздің пікірімізше, өңірлер мен орталықтың өзара қарым-қатынастарындағы формальды теңдікке негізделген бюджетаралық реттеудің қазіргі тетіктері қайта бөлу қатынастарын ұдайы күрделілендіре түсуге алып келуде.

Трансферттер өңірлердің теңгерімді дамуының негізгі құралы ретінде оңтайлы реттеуге қол жеткізуді толық мәнінде қамтамасыз етпейді. Себебі, олар бұрынғысынша бюджеттік қамтамасыздықты теңестіруге бағытталған әрі өңірлердің стратегияларымен және даму бағдарламаларымен нашар байланысқан.

Есеп комитетінің бағалауынша, бірқатар министрліктер мен Оңтүстік Қазақстан облысының стратегиялық жоспарларын іске асыру жөніндегі пилоттық жобаның құрамына кірген олардың бюджеттік бағдарламалары жеткілікті түрде негізделіп әзірленбеген.

Осы стратегиялық жоспарлардың негізгі параметрлерінің индикаторлары, мақсаттары мен міндеттері нақты және айқын жасалмаған.

Пилоттық жобаның қорытындысына жан-жақты талдау жасалмастан, бүкіл министрліктерге жоғарыда келтірілген тәжірибені енгізу қарқыны қазіргі кезде мұндай қадамдардың дұрыстығына күмән келтіреді.

Есептің төртінші бөлімінде сыртқы қаржы және азық-түлік рыноктарындағы тұрақсыздықтың келеңсіз салдарларын жұмсарту жөніндегі бірінші кезектегі шараларды іске асыру кезінде игеріліп жатқан бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігі бағаланып талданған.

Елбасының жолдауында мемлекеттік холдингтердің, даму институттарының, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рөлі өсіп отырған тұста олардың ішкі инвестициялық ресурстарын белсенді ету міндеті қойылған еді.

Шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін олардың жобаларын қаржыландыру арқылы қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ құрылыс саласындағы проблемаларды шешу жөніндегі шараларды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер орын алып, бюджет қаражаты тиімсіз игерілгені анықталды.

Шағын және орта бизнесті қолдау үшін соңғы үш жылда кредиттер түрінде берілген қаражаттың тек 11,9 млрд теңгесі немесе бөлінген қаржының 40%-ы ғана нысаналы қолға тиген.

Мемлекеттің елеулі қаржы ресурстары бұрынғысынша қызмет көрсету және сауда салаларын қолдауға бағытталуда.

Үкіметтің отандық кәсіпорындарды мемлекеттік тапсырыстармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылармен және сервистік компаниялармен жұмысы тиісті нәтиже бермей отыр. Соның салдарынан, шағын және орта бизнес субъектілерінің нақты секторды дамытуға және ұлттық экономиканы әртараптандыруға үлесі мардымсыз.

Құрылыс объектілерін қаржыландыру схемасының көп буындылығы мен күрделілігі, екінші деңгейдегі банктердің кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету үшін "берік" кепілдіктерді талап етуі жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемаларды шешуге бөлінген қаражаттың уақтылы және тиімді пайдаланылуына теріс әсерін тигізді.

Қазақстан Республикасы президентінің жолдауында еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға айрықша мән берілген. Ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуды ұлғайту міндеті қойылған.

Алайда, ең өзекті инвестициялық жобаларды іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының айтарлықтай көлемі дер кезінде игерілмей жатады.

Ірі инвестициялық жобалардың экономикалық тиімділігі мен оларды іріктеу кезіндегі шешімдердің жеткілікті негізделмеуінен, аталған жобалар мерзімінде орындалмай қалды.

Республикалық бюджеттен кредиттер түрінде бөлінген қаражатқа көптеген шаруа қожалықтары қол жеткізе алмай отыр.

Бесінші бөлімде біздің өткен жылғы жұмысымыздың қорытындысы берілген.

Сонымен бірге, осы бөлімде берген ұсыныстарымыздың орындалуы, мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының сақталуы, мәслихаттардың тексеру комиссияларымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылдарымыз туралы ақпарат келтірілген.

Алтыншы бөлімде 2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты тұжырымдарымыз, сондай-ақ әлемді жайлаған экономикалық қаржы дағдарысы жағдайында қаржылық тәртіпті жақсартуға, мемлекеттің материалдық және қаржы активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстарымыз қамтылған.

Есептің қорытындысында үкіметке бюджеттік процесті жақсартуға, мемлекеттік сектордағы қаржылық тәртіптің деңгейін арттыруға бағытталған ұсыныстар берілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны