17.05.2010, 18:13 3233

Есеп комитеті 2009 жылы 254,3 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады

Есеп комитеті 2009 жылы 254,3 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады

Астана. 17 мамыр. Kazakhstan Today - Есеп комитеті 2009 жылы 254,3 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтарын анықтады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы кезінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Оның айтуынша, 2009 жылдың шығындары 3 трлн 118,6 млрд теңге немесе 98,1%-ға орындалып, 59,4 млрд теңге игерілмеген. 39 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің тек тоғызы ғана қаражатты толық игерген.

"Талап ету мерзімі өтіп кеткен дебиторлық және кредиторлық берешек едәуір артқанын атап өтеміз. Бұл жекелеген бюджеттік бағдарлама әкімшіліктерінің кемшіліктерін, талап арыз жұмыстары деңгейінің жеткіліксіздігін көрсетеді.

Қаржы дағдарысы жағдайында бюджеттік кредиттер ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, құрылыс саласын және ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған. Алайда, Үкімет оларды пайдалану, өтеу және оларға әкімшілік ету кезінде бірқатар жүйелі проблемаларды шешпеген,- деді ол.

Атап айтсақ, оларға мыналар жатады: біріншіден, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен бюджеттік кредиттерді түпкілікті алушылардың арасындағы қарым-қатынас тиісті дәрежеде үйлестірілмеген. екіншіден, кредиттердің тиімді және уақтылы пайдаланылуына мониторинг және бақылау жүргізу төмен деңгейде қалып қойған, үшіншіден, алынған міндеттемелер толық көлемінде орындалмаған.

Есеп комитетінің мәліметінше, "2009 жылы республикалық бюджеттің 510,9 млрд теңге мөлшеріндегі тапшылығын өтеу үшін 650,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қарыздар тартылды. Республикалық бюджет қаражатының бос қалдығы 2008 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көбейіп, 56,0 млрд теңгені құрады".

"Біздің ойымызша, осы тартылған қарыздар толық игерілмегендіктен, экономиканың қосымша өсу мүмкіндіктері пайдаланылмай қалған",- деді О.Өксікбаев.

"Есеп комитеті есепті кезеңде 53 бақылау іс-шарасын өткізді, осы ретте 27 мемлекеттік орган, 18 квазимемлекеттік сектор субъектісі бақылауға қамтылып, өңірлерде 6 кешенді және 2 тақырыптық тексеру жүргізілді. Жалпы алғанда 254,3 млрд теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды. Сондай-ақ, 31,8 млрд теңге қалпына келтірілді, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 13 есе көп",- деді төраға.

Оның айтуынша, бақылау іс-шараларын жоспарлау кезінде тәуекел деңгейі жоғары және орташа топтарға жатқызылған мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері іріктеп алынған.

"Бақылау және талдау іс-шараларының негізінде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі Есеп комитетінің тұжырымдары мен ұсыныстары дайындалды. Біздің ойымызша, осы ұсыныстар бюджет процессінің тиімділігін арттыруға және экономикалық тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететін болады",- деді О.Өксікбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны