02.06.2006, 15:02 2959

Есеп комитеті білім және ғылым министрлігінің қаржылық қызметінен заң бұзушылықтарды әшкереледі

АСТАНА. 2-маусым. Kazakhstan Today. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитеті білім және ғылым министрлігінің қаржылық қызметінен заң бұзушылықтарды әшкереледі, деп хабарладйы Kazakhstan Today тілшісі.

“Есеп комитетінің бақылау шараларының қорытындысы бойынша белгілі болғанындай, мектеп құрылысын салу барысында 206,3 млн. теңгені тиімсіз пайдалану, 68,5 млн. теңгені негізсіз пайдалану дерегі, сондай-ақ, 89,2 млн. теңгенің басқа да заң бұзушылықтары әшкереленді”,- делінген Есеп комитетінің баспасөз баянында.
Құжатта атап көрсетілгеніндей, жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгеге салып, 2005-жылы Астанада пайдалануға беру межеленген 7 білім беру нысанынан іс жүзінде бірде-біреуі уақытында пайдалануға берілмеген.

Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының Мелдеби ауылында мектеп құрылысы салынғанда оны әрлеу, аумақты көгалдандыру, тас жол төсеу жұмыстары жүргізілмеген. Сөйте тұра 4,7 млн. теңгенің жұмыстары атқарылғаны туралы акт 2005-жылдың желтоқсан айында қабылданған.

“Жезқазғанда мектеп құрылысын салу барысында 1,7 млн. теңге негізсіз төленген. Сонымен бірге бұл мектептің ғимаратын салу барысында бұрын пайдаланылған кейбір құрылыс материалдары пайдаланылған”,- делінген баспасөз баянында.

Сәтпаев қаласында да заң бұзушылықтар анықталды. Бұл жерде орта мектеп ғимаратын мерзімінде пайдалануға бермегені үшін мердігерге 4,5 млн. теңгенің айыппұлы салынбаған. Республикалық бюджеттен бұл мектепті ұстап тұруға 130,8 млн. теңге бөлінген, бірақ шын мәнінде шығындар 83,7 млн. теңгені құраған. “Құрылыс жұмыстары аяқталуға байланысты 2005-жылдың аяғында бас мердігердің жеткізіп бермеген жабдықтар үшін дебиторлық берешегі 46,2 млн. теңге болған”,- делінген құжатта.

Тексеру қорытындысы бойынша білім және ғылым министрлігіне әшкереленген заң бұзушылықтарды жоюға шара қолдану тапсырылды. “Қаржы балаларға арнап, болашақ ұрпақ үшін мектептер салуға бөлінеді. Сол себепті қаржыны тиімсіз пайдалану, немесе, оны мақсатсыз пайдалану сынды деректерге жол берілмеуге тиіс”,- деді мәжілісті қорытқан есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны