25.05.2010, 10:56 1524

Есеп комитеті "ҚазАгро" ұлттық холдингінің қызметінен инвестициялық саясатының жетілдірілмеуі секілді көптеген олқылықтарды анықтады

Есеп комитеті "ҚазАгро" ұлттық холдингінің қызметінен инвестициялық саясатының жетілдірілмеуі секілді көптеген олқылықтарды анықтады

Астана. 25 мамыр. Kazakhstan Today - Есеп комитеті "ҚазАгро" ұлттық холдингінің агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыруға бөлінген Ұлттық қор қаражатын жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланбау, инвестициялық саясатының жетілдірілмеуі, кредит берілетін жобаларға сараптама сапалы жүргізбеу, инвестициялық жобалардың іске асырылуына тиісті мониторинг пен бақылау болмау, кредит қаражатын жүйесіз беру, АӨК субъектілерін қаржыландыру көлемін асырып көрсету, аффилиирленген тұлғаларға кредит беру оқиғаларын анықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Есеп комитеті "ҚазАгро" ұлттық холдингіне агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады.

"ҚазАгро" ұлттық холдингі экономиканы тұрақтандыру жөніндегі бірлескен іс-қимылдар жоспары аясында агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыруға бөлінген Ұлттық қор қаражатын жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланбай отыр.

"Есеп комитеті "ҚазАгро" ұлттық холдингінің инвестициялық саясатының жетілдірілмегендігін атап өтеді. Кредит берілетін жобаларға сараптама сапалы жүргізілмеген. Инвестициялық жобалардың іске асырылуына тиісті мониторинг пен бақылау болмағандықтан, оларды іске асыру мерзімдері кешіктірілген. 2010 жылғы 1 қаңтарға 2009-2010 жылдарға жоспарланған 82 жобаның іс жүзінде тек 20-сы ғана іске асырыла бастаған",- деп хабарлайды мекеме.

Есеп комитетінің мәліметінше, Ұлттық қордың инвестициялық жобаларды іске асыруға уақытша тартылмаған қаражатын "ҚазАгро" ұлттық холдингі ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді кредиттеуге қарыздар түрінде берген.

"Шығындарды айқындау тетігі мен әдістемесі жетілдірілмегендіктен, "ҚазАгро" ұлттық холдингі кредит қаражатын жүйесіз берген. Агроөнеркәсіптік кешеннің жекелеген субъектілерін қаржыландыру көлемін асырып көрсету жағдайларына жол берілген. Аффилиирленген тұлғаларға кредит беру фактілері анықталды.

Ұлттық қордан қарызға алынған облигациялық қарыз қаражаты түпкілікті қарыз алушыларға - агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне жылдық 12%-дық ставка бойынша берілген. Сонымен қатар, сыйақы ставкасы "ҚазАгро" ұлттық холдингі деңгейінде - 1,02%, еншілес ұйымдар деңгейінде 6,98 пайыз мөлшерінде белгіленген",- делінген хабарламада.

Осыған сәйкес, Есеп комитеті Үкіметке шығындарды айқындаудың нормативтік әдісінің негізінде мемлекеттік, бюджеттік бағдарламаларды және басқа да инвестициялық жобаларды іске асыру үшін квазимемлекеттік секторға Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың пайдаланылуына қатаң бақылау орнатуды ұсынады. Ауыл шаруашылық министрлігіне және "ҚазАгро" ұлттық холдингіне агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, әсіресе басым инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған қаражатты басқару тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар берілді. Агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа объектілерін жедел пайдалануға беру бірқатар азық-түлік тауарларының импортына деген еліміздің тәуелділігін төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс.

Есеп комитеті ҚР президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік қаржылық бақылаудың жоғары органы болып табылады. Сыртқы бақылауды жүзеге асырады және республикалық бюджеттің атқарылуын, орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалайды. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарының пайдаланылуын бақылайды. Мемлекеттің гранттары мен активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың пайдаланылу тиімділігін талдайды, сондай-ақ Ұлттық банк активтерінің пайдалану сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны