14.09.2009, 14:32 2696

Есеп комитеті "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингіне республиканың ғылыми-технологиялық дамуына бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады

Есеп комитеті "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингіне республиканың ғылыми-технологиялық дамуына бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады

Астана. 14 қыркүйек. Kazakhstan Today - Есеп комитеті "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі" АҚ-ына республиканың ғылыми-технологиялық дамуына бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады, деп хабарлайды Kazakhstan Today Есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Парасат" ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі" АҚ-ында жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша, холдингіде мемлекет активтерін пайдалану тиімділігінің төмендігі анықталды. Мәселен, топтық пайдалануға арналған ұлттық ғылыми зертхана құру үшін бөлінген 400 млн теңгені ұлттық холдинг депозиттік есепке орналастырған.

"Жер туралы ғылымдар, металлургия және кен байыту орталығы" АҚ-ның (ұлттық холдингінің еншілес ұйымы) 2006-2008 жылдары орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша 50 есепке жүргізілген тәуелсіз сараптаманың нәтижесінде 196,8 млн теңгеге орындалған 36 есептің қойылған талаптарға сәйкес еместігі анықталды.

"Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ (ұлттық холдингінің еншілес ұйымы) мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы тиімсіз ұйымдастырған. 2008 жылы "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ 25 тәуелсіз сарапшы тарта отырып, тек 3 сараптама жасаған, ал осы кезеңде Ғылым комитеті 40 сараптама жүргізуді ұйымдастырған.

2008 жылы Ғылым комитеті "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ-мен 2008 жылғы 31 желтоқсанға дейін 82,7 млн теңгенің бағдарламалары мен жобаларына ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге шарт жасасқан. Мемлекеттік тапсырыстың барлық көлемі үшін орындалған жұмыстардың актісіне қол қойылған, ал 2009 жылғы 1 маусымға іс жүзінде игерілмеген қаражат қалдығы 25,7 млн теңгені құраған.

2007 жылы "Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы" АҚ плагиатқа қарсы жүйені әзірлеуге 7,6 млн теңге жұмсаған, алайда 2007-2008 жылдары мәліметтер базасына еліміздегі 17154 диссертациялық жұмыстың тек 2200-і ғана енгізілген.

2009 жылы "Ғылым қоры" АҚ (ұлттық холдингінің еншілес ұйымы) экономика және қаржы саласында консультациялық сипаттағы қызмет көрсетуге "Сентраз Секьюритиз" АҚ-мен 7,0 млн теңгеге шарт жасасқан, ал шарттың техникалық тапсырмасының іс жүзіндегі құны 4,7 млн теңге болған.

Есеп комитеті ұлттық холдингіге республиканың ғылыми-технологиялық дамуына бөлінген мемлекеттік қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыруды ұсынады. Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру тәртібін жетілдіру ұсынылды.

Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді .

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны