25.05.2007, 11:14 1392

Есеп комитеті Үкіметке республикалық бюджетке орындалу барысында түзету енгізу тәжірибесін жоюды ұсынып отыр

АСТАНА. 25 - мамыр. Kazakhstan Today. Есеп комитеті үкіметке республикалық бюджеттің шығысы мен кірісін анықтау кезінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының негізділігін арттыруды және республикалық бюджетті орындалу барысында, яғни, қаржылық жыл барысында түзету енгізу тәжірибесін жоюды ұсынып отыр. Бұл туралы кеше н Есеп комитетінің 2006 жылға арналған республика бюджетінің орындалуы жөніндегі үкімет есебі бойынша мәжілісте есеп беру барысында Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Жасалған жұмыс негізінде салықтық басқару және бюджеттік процесті, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында қаржы ресурстарын басқару жүйесін жетілдіру бойынша қорытынды және ұсыныстар жасалды", - деді Омархан Өксікбаев.

Негізінен Есеп комитеті үкіметке республикалық бюджеттің шығысы мен кірісін анықтау кезінде негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының негізділігін арттыруды және республикалық бюджеттің орындалу барысында, яғни, қаржы жылында өзгерту тәжірибесін жоюды ұсынған. Сонымен қатар, комитет республикалық бюджеттен қосымша құн салығының орнын толтыру және салықтық және кедендік жеңілдіктерді ұсыну процедурасын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру қажеттілігіне көңіл аударды.

Омархан Өксікбаев, сондай-ақ, бюджетті құруда пайдаланылатын мемлекеттің дамуының нақты және болжамды көрсеткіштері арасындағы айырмашылық соңғы жылдары айтарлықтай ұлғайғанын атап өтті. Сонымен, ЖІӨ-нің белгіленген көлемі мен нақты қалыптасқан көлемінің айырмашылығы 1 трлн теңгеден, экспорт - 8,9 млрд доллар, мұнай бағасы барреліне 10,4 доллардан асып жығылған. Осының нәтижесінде бюджеттің орындалу барысында оның негізгі көрсеткіштері нақтыланып, бірнеше рет түзетулер енгізілген.

Есеп комитетінің бағалауы бойынша, үкімет "2006 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңның 19 бабын өз деңгейлерінде орындамаған, екі бабы тіптен орындалмаған. Бұл өз кезегінде республикалық бюджет қаражатын 18,5 млрд теңгеге игере алмауға, 54,7 млрд теңге көлемінде бюджет профицитінің пайда болуына және бюджет қаражатының бос қалдығының 151 млрд теңгеге дейін өсуіне алып келген. Бұл 2005 жылдың сәйкес көрсеткішінен 12 есе жоғары болып отыр.

Бұл, Омархан Өксікбаевтың ойынша, республикалық бюджеттің шығысы мен кірісінің орындалу сапасына әсер еткен және экономиканың қосымша өсу мүмкіндігін жоғалтуға алып келген.

"Сонымен қатар, республикалық бюджет түсімінің орындалу көрсеткіштерінің сараптамасы салықтық басқарудың нәтижесі артпай отырғанын көрсетіп отыр", - деп атап өтті комитет жетекшісі. 2002 жылы Салық кодексінің күшіне енуімен қосымша есептелген салық пен төлемдердің жалпы сомасындағы өндіріліп алынған соманың салыстырмалы мөлшері 2001 жылғы 54 пайыздан 2006 жылғы 13 пайызға дейін айтарлықтай төмендеген.

Республикада, сонымен бірге, экономика секторлары бойынша жиналған салық көлемінің бірқалыпсыздығы байқалып отыр. Атап айтқанда, шикі мұнай мен газды алатын шаруашылық субьектлеріне арналған салық ауыртпалығының мөлшері 2006 жылы 31,3 пайызды құраса, екінші деңгейдегі банктер үшін 6,6 пайыз ғана болған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны