24.05.2007, 15:58 2919

Есеп комитетінің басшысы бюджет заңын бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынады

АСТАНА. 24-мамыр. Kazakhstan Today. Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев бюджет заңын бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынады. Бұл туралы ол бүгін 2006-жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі үкіметтің есебі бойынша Есеп комитетінің есебін мәжілісте таныстыру барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бірінші кезекте қаржылық бақылау жүйесін тиянақты етіп құру қажет. Екіншіден, әкімшілік жауапкершілікті күшейту керек. Үшіншіден, бюджет заңын бұзғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу абзал",- деп мәлімдеді О.Өксікбаев. Оның пікірінше, "қазіргі күні тек қаржы транзитімен, оларды жалғастырумен ғана шұғылданатын, аталмыш қаржы үшін ешбір жауапкершілік жүктемейтін бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігін күшейту керек".

"Қаржыны аудару барысында олар осы қаржының діттеген жерге жеткен-жетпегенін, олардың қаншылықты тиімді немесе мақсатты жұмсалғанын тексеру мүмкіндігіне ие емес. Өйткені, олардың қолында ықпал жасау тетіктері мен арнаулы аппараты жоқ. Сол себепті әкімдер үшін бюджет қаржысы оңай олжамен бірдей, сондықтан да олар оны ешбір қарау-бақылаусыз оңды-солды жұмсайды",- деді комитет төрағасы. О.Өксікбаевтың мәлімдеуінше, Есеп комитеті сонымен бірге бұл қаржыны толыққанды тексере алмайды. "Біз тек ішінара ғана тексереміз. Бізден басқа бақылаушы орган жоқ. Дәл осы жайт қаржының тиімсіз жұмсалуына түрткі болуда",- деді ол.

Сонымен бірге О.Өксікбаевтың айтуынша, "ведомстволық ішкі бақылау қызметтерін күшейту қажет". "Біз мәслихаттардағы ревизиялық комиссияларды құруымыз қажет. Бұлар заң жүзінде бар, бірақ, іс жүзінде құрылмағаны өздеріңізге мәлім. Қазір жергілікті бюджеттерді Қаржылық бақылау комитеттінен басқа ешкім бақыламайды. Ал комитет кешенді тексерулерді арагідік қана жүргізеді. Оның өзінде кіріске қамтылатын барлық қаржыны толық тексере алмайды. Өйткені, кіріс бөлігін тексеруге оның құқығы жоқ",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны