19.01.2007, 16:54 2881

Есеп комитетінің басшысы мемлекеттік активтердің іс-қызметін жаппай қамтитын мемлекеттің біртұтас қаржылық жоспарын жасау қажет деп санайды

АСТАНА. 19-қаңтар. Kazakhstan Today. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев "мемлекеттік активтердің іс-қызметін жаппай қамтитын мемлекеттің біртұтас қаржылық жоспарын жасау қажет" деп санайды. Ол қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде осындай пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазір елімізде мемлекеттің активтері біртұтас есепке алынбайды. Дәл қазіргі таңда бірде-бір мемлекеттік мекеме мемлекеттің активтерін нақты бағалай алмайды",- деді О.Өксікбаев. Оның айтуынша, есеп комитеті бұл мәселені зерттеуге талпынып, тиісті сауалдарды жолдаған. "Бірақ статистикалық мекемелер де, қаржы министрлігі де, экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі де, басқа да қандайбір уәкілетті мекеме нақты санды атай алмады", деді комитет төрағасы.

"Бұл біздің мемлекеттің активтеріне, олардың бағасына қатысты нақты саннан баршамыздың бейхабар екендігімізді, соған сәйкес оларды тиімді басқара алмайтындығымызды білдіреді",- деді О.Өксікбаев. "Осы салада тәртіп орнатып, мемлекеттік активтердің іс-қызметін жаппай қамтитын мемлекеттің біртұтас қаржылық жоспарын жасау қажет",- деді ол.

Бұған қоса О.Өксікбаев елімізде бюджеттің орындалуына қатысты біртұтас доктринаның жобасын жасау қажет деп санайды. "Өйткені, біздің елде мемлекеттік мекемелер арасында функциялар дұрыс бөлінбеген. Ал бұл өз кезегінде бюджет қаржысын тиімсіз пайдалануға алып келеді",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны