25.05.2007, 17:43 3179

Есеп комитетінің басшысы салық заңнамасына өзгерістер енгізуді ұсынады

АСТАНА. 25-мамыр. Kazakhstan Today. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі Есеп комитетінің басшысы салық заңнамасына өзгерістер енгізуді ұсынады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне комитеттің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, парламент сенатында сөз сөйлеген О.Өксікбаев "Салық кодексін өзгертетін мерзім жетті", деп мәлімдеді. Оның айтуынша, салық әкімшілігінің механизмі күрделі және тиімділігі төмен, салық заңнамасындағы нормалар мен ережелер екіұшты талқылауға мүмкіндік беретіндей өзара қарама-қайшылықта, ал уәкілетті орган тарапынан салық тексерулерінің сапасын көтеруге және салық әкімшілігінің механизмдерін жеңілдетуге жүйелі шаралар қолданылмайды.

Есеп комитетінің бағалауынша, салық заңнамасындағы жекелеген нормалар, атап айтқанда, ҚР салық төлеушілерінің мемлекеттік реестрінен шартты түрде шығарылған тауар сатушылар (жұмыс және қызмет) бойынша салық салынатын кірісті айқындауда салық төлеушілердің шығындарын алып тастауға қатысты бөлігі нақтылауды талап етеді. Осы норманы қолдану салдарынан республикалық бюджет тек "Қазвторцветмет" АҚ бойынша ғана 20 млн теңгеден айрылған.

"Есеп комитетінің тексеру материалдарына сәйкес, Бюджеттік кодекс пен Салық кодексі нормаларының бір-біріне сәйкессіздігі байқалады. Мәселен, аумақтық салық комитеттері республикалық бюджетке артық төленген салықтың сомасын, сонымен қатар, республикалық бюджеттен қайтарылуға тиіс қосалқы құн салығының сомасын жергілікті бюджеттердің түсіміне қосылатын басқа да салық түрлері бойынша берешектердің төлемі ретінде есепке алады",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Комитеттің хабарлауынша, бұл жайт салық мекемелеріне түрлі деңгейдегі бюджеттерге түспей қалған қаржыны өз бетінше реттеуге және республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдер бойынша тапсырмалардың орындалуын асырып көрсетуге мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны