18.06.2009, 09:53 1494

Эстония тасымал саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда

Эстония тасымал саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда

Астана. 18 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Эстония айлақтар арасындағы жүк тасымалы саласында Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытуда, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылдың 16 маусымда Көлік және коммуникация министрі Ибілғазы Құсайынов эстондық делегацияның сұрауы бойынша олармен кездесу өткізді.

Министрлік мәліметінше, Эстония делегациясы құрамында Таллин портының басқарма төрағасы Айн Кальюранд, Эстониядағы Қазақстан Республикасының құрметті консулы Карл Юрий Пихт, Қазақстандағы Эстония құрметті консулы Бибігүл Балпық және Таллин портының құрылыс бойынша директоры Ною Петер бар.

Кездесу барысында эстондықтардың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Таллин порты арасындағы жүк тасымалы жөнінде ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Таллин портының басқарма төрағасы Айн Кальюранд 2009 жылғы 7-8 қыркүйекте Эстонияның премьер-министрі Андрос Ансиптің Қазақстан Республикасына ресми сапары жоспарланғанын айтты. Осыған байланысты алдағы үкіметаралық комиссия мәжілісінде талқылау үшін көлік саласы бойынша бірыңғай мәселелерді ұсынуды өтінді. Атап айтқанда, талқылау тақырыбы ретінде Таллин порты мен Ақтау ХТСА арасындағы ынтымақтастықты дамыту және кадрлар мен оқытушылар алмасу механизмін ойластыру сияқты мәселелерді ортаға салу ұсынылды.

Бұдан басқа, Айн Кальюранд суы терең Таллин портының мүмкіндіктері мен артықшылықтары жайында жан-жақты баяндап берді. Оның құрамында 5 порт бар, олар түрлі жүк аударып - тиеу мен жолаушы тасымалына бейімделген. Айталық, 2007 және 2008 жылдары жыл сайын порт арқылы 800 мың тоннадан астық жіберілген. Портта бір мезгілде 300 мың тонна астық сыятын терминалы бар, сол арқылы жылына 1 млн тоннаға дейін көмір өткізе алады. Келесі жылдың басына қарай мазутқа арналған терминал әзір болады. Оның үстіне, порттың әмбебап терминалын салуға мүмкіндік беретін жаға бойында 1,5 шақырым жері бар. Эстондықтар бұл жерді қызығушылық танытқандарға 50 жыл мерзімге беруге әзір. Таллин порт басшысының айтуынша, ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыру мен тәжірибе алмасу мақсатымен делегация құрамы Ақтау портына бармақшы.

Өз кезегінде, көлік ведомствосының басшысы Ибілғазы Құсайынов, қонақтарға Республиканың көлік саласындағы әлеуеті жайында әңгімелеп беріп, Эстония делегациясының ұсыныстарына қызығушылығын білдірді. Кездесуді қорытындылай келе, ол қонақтардың ынтымақтастықты дамытудағы және қазақстандық түрлі жүктерді аудару - тиеу тәжірибе, кадр және оқытушы алмасудағы ниетін қолдайтындығын атап өтті.

Министр көлік және жол қатынас комитетінің төрағасы Берік Уандықовқа порт логистикасы жайында эстондық ұсыныстарды зерттеп, Эстония премьер - министрінің Қазақстан Республикасына сапары барысында өтетін үкіметаралық комиссияда нақты талқылануына қажетті материалдарды дайындауды тапсырды.

Екі жақ ынтымақтастық пен ниеттерін өзара қолдайтындықтарын білдірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны