17.10.2006, 14:04 4149

Германия мен Қазақстанның экономика саласындағы арақатынасының әлеуеті үлкен - ҚР вице-премьері

АСТАНА. 17-қазан. Kazakhstan Today. Германия мен Қазақстанның экономика саласындағы арақатынасының әлеуеті үлкен. Қазақстандағы Германия инвесторларының форумы барысында республика үкімет басшысының орынбасары Кәрім Мәсімов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Германия мен Қазақстанның, екі ел кәсіпкерлерінің арақатынасы еліміздің дамуында айрықша маңызға ие. Бірақ меніңше, бұл арақатынасты дамытуға әлеует үлкен. Сол себепті бүгінгі форум екі жақты қарым-қатынасты дамытуда маңызды роль атқарады деп сенеміз",- деді К.Мәсімов.

Вице-премьердің айтуынша, 2006-жылдың наурыз айында Қазақстанға жұмсалған Германияның жалпы инвестициясы 1 млрд. 700 млн. долларды, ал Қазақастанның инвестициясы 1 млрд. 300 млн. долларға жетті.

"Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд. доллар деңгейінде қалыптасты, бұл 2005-жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 30 процент артық",- деді К.Мәсімов. Вице-премьердің айтуынша, елімізде Германия компаниялары мен банктерінің 145-ке жуық өкілдігі мен осы ел капиталының қатысуымен құрылған 688 шағын біріккен кәсіпорындар тіркелген. Олар сауда-саттық, ауылшаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, тау-кен өнеркәсібі, көлік және байланыс, электр қуатын, газ бен су өндіру және тарату, мейманхана және мейрамхана бизнесі, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялармен шұғылданады.

"Бүгінде екі жақ та өзара ықпалдастықты ұзақ мерзімді әрі ауқымды етуге талпыныс жасауда. Бүгінгі біздің кездесуімізді де осы жолдаағы бір кезеңге балаймын",- деді К.Мәсімов. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу мақсатын жүзеге асыру "шетел капиталының ағылуымен, әсіресе, шикізат емес салада өнім өндіретін, әлемдік брендтер мен ноу-хаулардың иесі болып әлемдік жетекші компаниялардың капиталының ағылуымен ілесе жүруге тиіс", деді.

"Біз барлық келешегі бар жобаларға үкіметтік деңгейде қажетті қолдау көрсетеміз",- деп сендірді вице-премьер. "Біздің нарыққа қорықпай келіп жатқан" компаниялардың жұмысына К.Мәсімов жоғары баға берді. "Бізге Қазақстанның өңдеу саласы мен қызмет көрсету саласында жұмыс істеуге дайын, инновациялық жобалары мен оларды қолданысқа енгізу тәжірибесі бар, жоғары кәсіби білікті менеджерлерді тартуға және озық технологиялардың трансфертін жасауға мүмкіндігі бар серіктестер қажет",- деді К.Мәсімов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны