Грекиялық компания Қазақстанда металлургиялық қалдықтарды өңдеуді іске қосуды жоспарлауда
Металлургиялық қалдықтардан мыс, мырыш, никель, кобальт және басқа да бағалы металдарды бөліп алу жоспарлануда
Грекияның Metlen Energy & Metals өнеркәсіптік тобы Қазақстанда металлургиялық қалдықтарды өңдеп, олардан мыс, мырыш, никель, кобальт және басқа да бағалы металдарды бөліп алу өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоба Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ардақ Зебешевтің компания өкілдері - M Critical & Rare Metals бағытының коммерциялық директоры Александрос Контузоглу және Metlen компаниясының заң кеңесшісі, Қазақстан-Грекия іскерлік кеңесінің тең төрағасы Томас Ламнидиспен кездесуі барысында талқыланды.
"Компанияның металлургиялық қалдықтарды өңдеу жөніндегі жоспарлары үкіметтің өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу, ресурстарды тиімді пайдалану және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту саласындағы басымдықтарына сәйкес келеді. Біз жобаны одан әрі дамытуға, сондай-ақ бейінді министрліктермен, әкімдіктермен және қазақстандық компаниялармен өзара іс-қимылды жолға қоюға жәрдемдесуге дайынбыз", - деді Ардақ Зебешев.
Тараптар жобаны іске асыру кезеңдерін, логистика мәселелерін және мемлекеттік қолдаудың ықтимал шараларын талқылады.
Сонымен қатар, Ардақ Зебешев Metlen делегациясын 22 қазанда Шымкент қаласында өтетін Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелге (KGIR) қатысуға шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
