27.12.2006, 13:10 3246

"Химфарм" АҚ-ында 2007-жылғы көктемде қан алмастырушыларды өндіретін цех салына бастайды

ШЫМКЕНТ. 27-желтоқсан. Kazakhstan Today. Оңтүстік Қазақстан облысында "Химфарм" АҚ-ында 2007-жылғы көктемде қан алмастырушыларды өндіретін цех салына бастайды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Химфарм" АҚ-ның коммерциялық директоры Имір Бүркітбаев хабарлады.

"Біз келесі жылдың наурыз айында жаңа цех сала бастамақшымыз. Онда қан алмастырушыларды өндіретін желі мен ампула жасайтын үш желі орнатылады",- деді И.Бүркітбаев.

Оның айтуынша, цехтың жобасын жасау жұмыстары аяқталып келеді. Қазір акционерлік қоғамның басшылығы цехты жабдықтауға арналған құрал-жабдықтарды таңдау мәселесін қарастырып жатыр. "Біз фармацевтикалық технологиялық жабдықтар өндіретін қытайлық, оңтүстік кореялық және еуропалық компаниялардың ұсыныстарын қараудамыз",- деді И.Бүркітбаев. Алдын-ала есеп бойынша, жаңа өндірістің құны 14 млн. евро болмақ.

И.Бүркітбаевтың айтуынша, жуырда кәсіпорын басшылығы Оңтүстік Кореядағы химиялық- фармацевтикалық "Choongwae Pfarma Corporation" концернінде болды. "Біз келіссөздерді жемісті жүргізіп, ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойдық,- деді И.Бүркітбаев. - Атап айтсақ, оңтүстік кореялықтар бізге жаңа буын антибиотиктерін шығаруға арналған құрамды бөліктерді беретін болады. Қазір біз осы препараттарды еліміздің денсаулық сақтау министрлігінде тіркеуге дайындық жұмыстарымен шұғылданып жатырмыз". Коммерциялқ директордың айтуынша, кәсіпорын алдағы көктемде жаңа антибиотиктерді шығаруды жолға қояды.

Ал И.Бүркітбаевтың айтуынша, кейбір себептерге байланысты майлар мен линименттер өндіретін цехты пайдалануға беру мерзімі жылдың аяғынан 2007-жылдың ақпан айына қалдырылды. "Құрал-жабдықтарды орнату және монтаждау жұмыстары құрылыс аяқталған соң басталады деп ойлаймын",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны