11.05.2010, 17:15 3613

Импорттаушылардың қызметін реттемеу, саудагерлердің алыпсатарлығы мен делдалдар тізбегі азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына алып келді - АШМ

Импорттаушылардың қызметін реттемеу, саудагерлердің алыпсатарлығы мен делдалдар тізбегі азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына алып келді - АШМ

Астана. 11 мамыр. Kazakhstan Today - Импорттаушылардың қызметін реттемеу, саудагерлердің алыпсатарлығы мен делдалдардың ұзын-сонар тізбегі азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауына алып келді. Бұл туралы еліміздің ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев бүгін үкіметтің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Ағымдағы жылдың сәуір айында жеміс-көкөніс өнімдері бағасының 3,5%-ға күрт өсуі тіркелді", - деді А. Күрішбаев.

Министрдің айтуынша, жеміс-көкөніс өнімдері бағасының қымбаттауына жасалған талдаулар бағаның түзілуіне әсер ететін үш факторды анықтады.

"Біріншісі - импорттаушылардың қызметінде ашықтықтың болмауы. Екінші себеп - базарлардағы тапшылықты қалт жібермей қадағалап отыратын саудагерлердің алыпсатарлық әрекеттері. Бұған өңірлердегі бөлшек бағаның шұғыл айырмашылығы куә", - деді министр.

"Мәселен, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында картоп бағасының өсімі тиісінше 38% және 19% құрады, ал Алматы облысында өсім небәрі 10% болған. Ақтөбе облысында қырыққабат 44%-ға, Батыс Қазақстан облысында 6%-ға қымбаттаған", - деді ол.

А. Күрішбаевтың мәліметінше, бағаның көтерілуінің үшінші себебі - ұзын-сонар делдалдар тізбегінің болуы. "Мәселен, Үрімжі қаласында бір келісі 80 теңге тұратын қызанақ делдалдардың қолы арқылы өте келе Астанада 350 теңгеге бірақ жетеді", - деді министр.

Жеміс және көкөніс өнімдерін көтерме және бөлшек сауда желілері арқылы сату арналарының жетілдірілмеуі жайлы үкіметтің отырысы барысында ҚР экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова да атап көрсетті. "Ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінен тұтынушыға дейін жеткенше жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы бірнеше есе өседі. Бұл ретте пайданың басым бөлігі делделдық құрылымдардың, соның ішінде көтерме және бөлшек сауда желісінің үлесіне тиеді",- деді ол.

Сондай-ақ, ҚР экономикалық даму және сауда министрінің айтуынша, "әкімдіктер құрған коммуналдық базарлардың саны еліміз бойынша 70-ке жуық болғанымен, жеміс және көкөніс өнімдерін қыс және көктем маусымында арзан бағаға сату жөніндегі мақсатты шеше алған жоқ".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны