22.01.2007, 16:05 3228

Индустрия және сауда министрілігінің құрылыс істері жөніндегі комитеті мемлекетке құрылыс индустриясын дамыту қорын құруды ұсынып отыр

АСТАНА. 22-қаңтар. Kazakhstan Today. Индустрия және сауда министрілігінің құрылыс істері жөніндегі комитеті мемлекетке құрылыс индустриясын дамыту қорын құруды ұсынып отыр. Бұл туралы өткен аптада индустрия және сауда министрілігінің алқа мәжілісіде осы министрліктің құрылыс және тұрғын-үй - коммуналдық шаруашылығы істері жөніндегі комитеттің төрағасы Қайсар Омаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда барлық құрылыс материалдарының 60 пайыздайы сырттан әкелінеді. Сондықтан біз бағасы 5 млн АҚШ долларынан кем емес құрылыс материалдарын өндіружөніндегі жобаны қаржыландыру үшін құрылыс индустриясын дамыту қорын құруға ұсыныс жасап отырмыз",- деді Қ. Омаров. Осыған байланысты ол Қазақстанның Даму банкі өзінің ережелеріне сай бағасы тек 5 млн доллардан жоғары болатын жобаларды ғана қаржыландыратындығын түсіндірді. "Сондықтан да құрылыс индустриясы саласындағы аймақтық ұсақ жобалары қаржыландырылмай отыр",- деп санайды комитет төрағасы.

Ол, сонымен қатар, комитет 2008-2009 жылдарда жалға берілетін үйлер салу саласында 192 мың шаршы метрді немесе 3200 пәтерді салуды жоспарлап отырғандығын хабарлады. "Бұл үшін бюджеттен 11 млрд теңге бөлу қажет, біз оның 1,6 млрд осы жылы бөлуді жәнеде жалға берілетін пәтерлерді 2008 жылы пайдалануға беру үшін құрылысты бастауды сұраймыз",- деді Қ. Омаров.

Комитет басшысы, Қазақстандағы тұрғын үй құрлысы саласындағы басты проблеманың бірі тұрғын үй бағасының өсуі екендігін атап өтті. "Қазақстан Республикасының статистика жөніндегі агенттігінің ақпараттарына сүйенсек, елімізде 2006 жылы бір шаршы метр құрылыстың нақты бағасы 54 700 теңгені, немесе 431 АҚШ долларын құраған. Сату бағасы республика бойынша орташа есеппен 123 900 теңге, немесе 975 АҚШ долларын құраған. Яғни, республика бойынша тұрғын үй өзіндік құнынан 2,2 есе қымбат сатылады", - деді Қ. Омаров.

Оның мәліметтеріне сүйенсек, тұрғын үй құрылысының өзіндік құнының ең жоғарғы көрсеткіші Алматы қаласында, бір шаршы метрі 70 мың теңге, немесе 552 АҚШ долларына салынып, бір шаршы метрі орташа есеппен 153 мың теңге, немесе 1207 АҚШ долларына сатылады. "Астанада 64 мың теңгеге салынып, 225 мың теңгеге сатылады, Атырауда 58 мың теңгеге салынса, 118 мың теңгеге, немесе 935 АҚШ долларына сатылады, ал Петропавлда құрылысқа 31 мың теңге жұмсалып, 87 мың теңгеге сатылады, Таразда 32 мың теңгеге салынса, 47 мың теңгеге сатылады, Қарағандыда 31 мың теңге салып, 95 мың теңгеге сатамыз",- деп мәлімдеді комитет басшысы. Оның мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта үкімет 20 пайыздан артық табыс көретін құрылыс салушылардың салық салу базаларын көтеру мәселесін қарайтын жұмыс тобын құрған.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов комитет төрағасынан "тұрғын үй құрылысы салаларының тауқыметтерін, тұрғын үй құрылысы бағдарламасының кемшіліктері мен жетістіктерін талқылау үшін және аталмыш бағдарламаға бүгінгі талаптарға сай болу үшін түзетулер енгізу қажеттігін қарастыру үшін үкіметте кеңес өткізуге дайындалуды " тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны