15.12.2009, 16:12 3228

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға $70 - $100 млрд талап етіледі - Индустрия және сауда министрлігі

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға $70 - $100 млрд талап етіледі - Индустрия және сауда министрлігі

Астана. 15 желтоқсан. Kazakhstan Today - Алдын-ала мәлімет бойынша, Қазақстандағы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға $70 - $100 млрд талап етіледі. Бұл туралы еліміздің индустрия және сауда министрі Исет Исекешев бүгін журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Президент индустрияландыру бағдарламасын жасау мақсатын қойды. Біз қазір оны жасап бітіруге таядық, қаңтарда оның тұсауын кесеміз. Маңызды мәселелердің бірі - бағдарламаны қаржыландыру. Түрлі бағаларға сәйкес, оған $70 - $100 млрд көлемінде қаржы қажет. Бұл - алдын-ала сандар ғана", - деді И. Исекешев.

Оның айтуынша, қаржының басым бөлігін "жеке инвестициялар құрайды, ал мемлекет тең қаржыландырады, тәуекелдің бір бөлігін өз мойнына алып, инфрақұрылымдық мәселелерді шешеді". "Біз бағдарламаны бизнеспен бірлесе жан-жақты талқылаудамыз. Қазір бізде 300-ден астам жоба жұмыс істеп жатыр", - деді министр.

"Қазірде біз инвесторлар мен кредиторлар клубы құрылғанын жария етіп отырмыз, оған 15 банк пен жеке меншік қор бірікті. Олардың бәрі де бағдарламаның жүзеге асырылуынан мүдделі", - деді И. Исекешев.

Оның айтуынша, "қазірдің өзінде кейбір банктер шамамен $1 млрд көлемінде несие бөлуге дайын".

Инвесторлар мен кредиторлар клубының бірінші отырысы барысында ҚР Индустрия және сауда министрлігі мен жетекші қаржылық ұйымдар, атап айтсақ, Қазақстанның Даму банкі, Еуразиялық даму банкі, HSBC, Ресей Сбербанкі, RBS, Societe General, Credit Suisse, Халық банкі, "ATФ Банк", "Банк ЦентрКредит", VISOR Capital, Kazyna Capital Manadgment, ИФД Resmi, BCC Invest өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

"Бұл құжат - мемлекет басшысының серпінді индустриялық даму бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасын орындауға бағытталған ауқымды жұмыстардың бастамасы", - деді И. Исекешев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны