09.07.2012, 10:25 3086

Индустрияландыру бағдарламасының аясында жалпы қуаты 2940 МВт жаңа энергонысандар іске қосылады

Электр энергетикасын дамыту ҮИИД бағдарламасының басымдықты бағыттарының бірі болып табылады. Индустрияландыру картасының аясында жалпы қуаты 2940 МВт энергетикалық нысандары іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 580 МВт қуат іске қосылды.

Астана. 9-шілде. Kazakhstan Today - Индустрияландыру бағдарламасының аясында жалпы қуаты 2940 МВт жаңа энергонысандар іске қосылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Электр энергетикасын дамыту ҮИИД бағдарламасының басымдықты бағыттарының бірі болып табылады. Индустрияландыру картасының аясында жалпы қуаты 2940 МВт энергетикалық нысандары іске қосылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 580 МВт қуат іске қосылды.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің алдын ала болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздегі энергия тұтынымы 170 млрд. кВт/сағатты құрайтын болады, осыған орай энергия дефицитін азайту ҮИИД бағдарламасының маңызды және басымдықты бағыты болып отыр. Энергия үнемдеу бағытында іске асырылып жатқан саясат электр қуатының тұтынымын 145 млрд. кВт/сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Индустрияландыру картасының аясында бұған қоса бірқатар ірі инвестициялық нысандарды іске қосу жоспарланып отыр. Ол нысандар елімізді энергиямен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет, сондықтан да алға қойылған міндеттерді іске асыруда энергетика маңызды рөл атқаруы керек.

Айта кету керек, осы сұранысты қамтамасыз ету үшін шекті тарифтер белгілеу жаңа тетігінің аясында 2009 жылдан 2015 жылға дейін 1 трлн. астам теңге инвестиция салынады. Іске қосылатын жалпы қуат көзі 2940 МВт құрайтын болады, қазіргі таңда 580 МВт іске қосылды.

Қуаты 1320 МВт құрайтын Балқаш ЖЭС, қуаты 300 МВт құрайтын Мойнақ ГЭС сияқты негізгі энергетикалық нысандарға басымдық жасалып отыр, оған қоса Солтүстік Қазақстанның ірі көмір электр стансаларында, Екібастұз ГРЭС-1 және Ақсу ГРЭС стансаларында қуаты 875 МВт энергоблоктар қайта қалпына келтірілетін болады. 3 шілдеде өткен Индустриялық форумда Екібастұз ГРЭС-1 стансасының №8 энергоблогы іске қосылды.

"Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев Үкіметке ағымдағы жылы қуаты 1320 МВт Балқаш ЖЭС-ның бірінші модулінің құрылысын бастау туралы тапсырма берді. "Самұрық-Энерго" АҚ-ның ақпараты бойынша, І модульдің құрылысын жобалау жұмыстары 2012 жылдың шілде айында басталса, құрылыс жұмыстарын осы жылдың қыркүйек айында бастау жоспарланып отыр.

Белгіленіп отырған міндеттерді іске асыру республика өңірлерін энергия қуатымен сенімді қамтамасыз етуге, энергия дефицитін төмендетуге және энергетика саласын инвестиция үшін ең тартымды нарыққа айналдыруға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны