11.05.2010, 12:16 2813

Инфляция құрылымында ең жоғарғы өсім азық-түлік тауарларының үлесінде - Экономикалық даму және сауда министрлігі

Инфляция құрылымында ең жоғарғы өсім азық-түлік тауарларының үлесінде - Экономикалық даму және сауда министрлігі

Астана. 11 мамыр. Kazakhstan Today - Инфляция құрылымында ең жоғарғы өсім азық-түлік тауарларының үлесіне тиюде. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Инфляция құрылымында азық-түлік тауарларының бағасы ең көп өсті. Бұл тауарлардың баға өсімі 2010 жылғы сәуірде 2009 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 4,7% құрады, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі баға деңгейінен екі есе жоғары", - деді Ж. Айтжанова.

Оның айтуынша, "жоспарланған инфляциялық дәлізге ену үшін 2010 жылғы азық-түлік тауарларының баға өсімі 9,7%-дан аспауы тиіс".

Министрдің айтуынша, сәуірде азық-түлік тауарларының бағасының өсуіне "жеміс және көкөніс өнімдері бағасының 16,5%-ға, қант бағасының - 9,3%, ет және ет өнімдерінің - 5,5%, жұмыртқаның -5,3% және сүт өнімдерінің 4,0%-ға қымбаттауы түрткі болды".

Осыған байланысты "аталған азық-түлік тауарларының тобына баса назар аудару қажет", деді ол.

Сондай-ақ, Ж. Айтжанованың мәліметінше, "алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша жеміс және көкөніс өнімдерінің барлық түрлерінің бағасы өсті". "Бұл жерде бірқатар шешуші себептер бар, олардың арасында ішкі нарықтағы ұсыныстың азаюы және өткен жылғы қордың түгесілуі секілді маусымдық факторлар, сондай-ақ, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда жеміс және көкөніс өнімдерінің жоғары бағаға импортталуы бар. Сондай-ақ, жеміс және көкөніс өнімдерін сақтау және жеткізу инфрақұрылымының жоқтығы да әсер етуде", - деді ол.

Оның айтуынша, жеміс және көкөніс өнімдерінің бағасының көтерілуіне тағы бір себеп "ішкі нарықты аталған өніммен қамтамасыз ету мәселесі бойынша өңірлік ықпалдастықтың әлсіздігі, сондай-ақ, жеміс және көкөніс өнімдерін көтерме және бөлшек сауда желілері арқылы сату арналарының жетілдірілмеуі болып табылады".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны