"Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның қызметі құрылған сәтінен бастап тиімсіз болып шықты - Есеп комитеті
Астана. 2 желтоқсан. Kazakhstan Today - Есеп комитетінің бағалауынша "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-да мемлекет активтері тиімсіз басқарылуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today есеп комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, тексерулер көрсеткендей, "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-да инновацияны дамытудың нақты басымдылықтары анықталмаған. Технологиялар трансфертінің тиімді жүйесі құрылмаған. Іске асырылатын жобалар жеткіліксіз дәрежеде негізделген.
""Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның қызметі құрылған сәтінен бастап залалды, яғни тиімсіз болып шықты. Мысалы, 2008 жылы 2004 жылмен салыстырғанда, "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның залалы 1,6 млрд теңгеге немесе 16 есеге көбейген. Залалдың өсуінің басты себебі - "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның сатып алған шетелдік компания акцияларының құнсыздануы",- делінген хабарламада.
Есеп комитетінің мәліметінше, "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның акция сатып алу, жоғары технологиялық шетелдік компаниялардың қатысу үлесі туралы өз ережесін сақтамағаны анықталды. Қазақстанда технологиялар трансфертімен айналысу жөнінде бірқатар шектеулері бар компаниялардың акциялары сатып алынған.
"Жіберілген кемшіліктердің салдарынан, 2009 жылғы 1 қаңтарға 2,7 млрд теңгеге сатып алынған акциялардың бағасы 1,1 млрд теңгеге немесе орташа алғанда 42,1 %-ға құнсызданып, "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның залалға ұшырауына тікелей әсер еткен",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Осыған сәйкес, Есеп комитеті үкіметке "Инжиниринг және технологиялар трансферт орталығы" АҚ-ның одан әрі қызмет істеуінің орындылығын қарауды ұсынды. "Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы" АҚ-ның шеккен залалдары шетелдік компаниялардың акцияларына байланысты болғандықтан, осы шетелдік компанияларды инвестициялау жөнінде шешім қабылдаған "Самұрық-Қазына" ҰИҚ" АҚ-ның және "Ұлттық инновациялық қор" АҚ-ның лауазымды адамдарын жауаптылыққа тартудың қажеттілігі көрсетілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Есеп комитеті республикалық бюджеттiң атқарылуына сыртқы бақылауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк қаржы бақылауының жоғары органы болып табылады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуына, гранттардың, мемлекет активтерінің, мемлекет кепілдік берген қарыздардың, мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен өз иелігінде қалатын ақшаның пайдаланылуына сыртқы бақылау жасап, бағалау жүргізеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.