21.04.2008, 09:48 1634

Иран Маңғыстау облысында бірқатар жобаларды іске асыруды ұсынды

Иран Маңғыстау облысында бірқатар жобаларды іске асыруды ұсынды

Ақтау. 21 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Иран Маңғыстау облысында бірқатар жобаларды іске асыруды ұсынды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Біз Каспий теңізінде ортақ кеме қатынасы секілді жобаны жүзеге асыруды ойластырудамыз. Біз порттық инфрақұрылымды дамытуымыз керек", - деп хабарлады Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының елшісі Ромин Махманпараст Ақтау қаласында өткен ІІ Каспий инвестициялық форумында.

Ол Ақтау портының Иранның үш маңызды порттарымен бауырлас болғандығы туралы құжатқа қол қойылғандығын атап көрсетті.

"Жақын арада біз өзінің бас консулдығын Ақтау қаласында ашқан алғашқы мемлекет болмақшымыз", - деп мәлімдеді Р. Махманпараст.

Ол сондай-ақ, Ақтау мен Иран қалалары арасында тұрақты рейстер ұйымдастыру жоспарланып отырғанын жеткізді. "Біз қазір Ақтау - Горган, одан әрі қарай Тегеранға және Парсы шығанағының өзге де мемлекеттеріне тұрақты рейс ашуды ойластырудамыз", - деді елші.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысы бүкіл дүниежүзіне астық экспорттауда аса маңызды рөлдерге ие болуы мүмкін өңірлердің бірі. "Каспий өңіріндегі мүмкіндіктерді біз астық экспорты үшін пайдалануымыз керек. Иранға астық тасымалдау үшін тиісті құрылым құруда біздің Маңғыстау облысымен жақсы қарым-қатынасымыз орнады".

"Илемдегі мұнай мен газ бағасы үнемі өсіп келе жатқандықтан біз бір-бірімізді қолдап отыруымыз қажет және шикізатты сыртқа шығарудың орынына дайын өнім экспорттауымыз керек. Біз Қазақстанмен бірге мұнай тазалау зауытын салуды ойластырып жатырмыз. Сондай-ақ, біз табиғи газды да өңдеп сатқымыз келеді", - деп мәлімдеді ҚР Иран елшісі.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Иран Ислам Республикасының үш солтүстік провинциясы - Мазандаран, Гилана және Гулистан делегациясының Маңғыстау облысына ресми сапары аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен провинция өкілдері арасында сауда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын.

Тараптар меморандум аясында өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, көлік және сауда саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жоспарлаған. Ғылым, техника, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өнер, туризм, спорт салалаларында серіктестік байланыс орнатылады.

Меморандумда көрсетілгендей, тараптар Горган мен Ақтау арасында әуе байланысын; Имір-абад пен Ақтау арасында теңіз көлігін және Энзели мен Ақтау айлақтары арасында жолаушы тасымалын ұйымдастыру арқылы көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған шараларды іске асырмақ. Сондай ақ, Ақтау -Түркменстан шекарасы тас жолдарын жөндеу арқылы автокөліктік байланысын дамыту жоспарланып отыр.

Меморандумда бірлескен кәсіпорын құруға, келісілген салаларда кәсіпорындар арасындағы екі жақты ынтымақтастықты, оған қоса инвестиция тартуға және оны қорғауға қолдау көрсету туралы айтылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны