КҚК Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры жоспарлы тоқтатылғаннан кейін жұмысын қайта бастады
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры 12 сағаттық жоспарлы тоқтатудан кейін 6 қазанда жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды консорциумның баспасөз қызметінен.
Құбыр жұмысы тоқтатылған уақытта мамандар магистральдық мұнай құбырына, мұнай айдау станцияларына және теңіз терминалына техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан аумағында мамандар арнайы жөндеу конструкцияларының көмегімен құбырдағы үш ақауды жойып, алты учаскедегі оқшаулағыш жабындыны тексерді. "Атырау" мұнай айдау станциясында газ жеткізу құбырындағы шарлы кран мен құбыр бұрмасы ауыстырылды.
Берілген мәліметтерге сәйкес, жөндеу жұмыстары КҚК-ның Ресейдегі нысандарында да жүргізілген. Қалмақиядағы "Комсомольская" станциясында бақылау-өлшеу жабдықтары мен герметикалығы бұзылған шарлы кран ауыстырылған. Ставрополь және Краснодар өлкелеріндегі нысандарда мұнай құбырының бір бөлігі жөнделіп, "Кропоткинская" станциясындағы қысым толқындарын бәсеңдету жүйесі тексерілді.
Ал, теңіз терминалында диспетчерлік бақылау және басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасты.
КҚК өкілдері мұндай тоқтатулар алдын ала жоспарланып, жүк жөнелтушілермен келісілетінін атап өтті. Қазақстанның Энергетика министрлігі Теңіз - Новороссийск мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау кестесін жасаған кезде оларды ескереді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
