17.03.2020, 21:20 6482

Кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары туралы

Бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленуде.

Алматы. 17 наурыз. Kazakhstan Today - Кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары туралы

ҚР ҰЭМ желісі бойынша

Бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 7 негізгі бағыттан тұратын жедел шаралар топтамасы әзірленуде.

Бірінші. "Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын синхрондау шеңберінде кәсіпкерлер үшін теңгелік қаржыландыруға қолжетімділікті көтеру көзделетін болады.

Несиелендіру 1 трлн. теңгеге дейін 400 млрд. теңгеге ұлғаятын болады.

Қаражат, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге берілетін болады.

"Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғарғы шегі 7 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды. Ағымдағы шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады.

? "Бизнестің жол картасы-2025" мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғарғы шегі 7 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды. Ағымдағы шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады.

?Несиелер бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі біріктендіріледі және 6% құрайды.

? "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасында салалық шектеулер алынатын болады және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасында басым тауарлар тізбесі кеңейтілетін болады.

Екінші. Кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін, "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы шеңберінде орта бизнеске кредит сомасын 1 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылады, ол бойынша 50 пайыз мөлшерінде кепілдендіру берілетін болады.

Микро және шағын бизнес үшін 85 %-ке дейін кепілдік берумен кредит сомасын 360 млн. теңгеге дейін арттыру ұсынылады.

Жалпы кепілдік беру тетігі оңайлатылатын болады.

Үшінші. Ағымдағы кезеңде орта бизнесті тексерулердің санын төмендету ұсынылады. Қазіргі уақытта, микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий қолданылатынын атап өткен жөн.

Төртінші. Шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық ынталандырулар көзделеді. Бұл ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері.

Бұл санаттағы заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер үшін бір жылғы мерзіміне мүлік салығынан босату ұсынылады. Бір тоқсанға өсімпұл есептеуді тоқтату. 3-ші тоқсан үшін салықтық есептілік мерзімін ауыстыру.

Бесінші. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіруді ұлғайтудан басқа салықтық ынталандырулар көзделеді.

Мұнда ірі қара төлдейтін малды, асыл тұқымды балапандарды қамтитын биологиялық активтердің импортына салынатын қосылған құн салығынан босату болжанған. Сондай-ақ шамамен 7 мың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері ауыл шаруашылыққа арналған жерлерге салынатын салықты төлеуден босатылатын болады.

Алтыншы. Жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді салықтан босату ұсынылады.

Жетінші. Еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Жұмыспен қамту жол картасы әзірленуде.

Жалпы қаржыландыру 300 млрд.теңгені құрайды.

Өткізілген скрининг нәтижелері бойынша іріктелген өңірлердегі жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 120 мың жұмыс орындары құрылатын болады.

Мұндай жобаларды іске асыру жолдарды, көпірлерді жөндеу, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін реконструкциялау сияқты халықтың ең өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы телевизия арқылы жасалған үндеуінде атап өткендей кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд. теңге бөлінетін болады.

Несиелерді субсидиялау және салықтық ынталандыруларды беру мәселелері қосымша пысықталды, сондай-ақ "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде 400 млрд. теңгеге дейін қосымша теңгедегі өтімділік берілетін болады.

Қызметтік белсенділікті сақтаудан басқа 160 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Аталған жедел шаралар еңбек нарығының және экономикаға тұрақтандыру әсерін береді.

ҚР АШМ желісі бойынша

Қазіргі уақытта Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ішкі нарықты отандық тамақ өнімдерімен молықтыру үшін қажетті жағдайлар жасалған.

Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау 16 бағыт бойынша субсидияның 47 түрімен жүзеге асырылуда.

Инвестициялық субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, мал шаруашылығының өнімділігін және өңдеуге тапсырылған шикізаттың құнын арттыруды субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау бағдарламалары жұмыс істейді, сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды, пестицидтер мен тұқымды арзандату жөніндегі базалық субсидиялар қолданылады.

"ҚазАгро" холдингінің даму институттары арқылы жеңілдікпен кредит беру жүзеге асырылуда.

Бұдан басқа, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін жеңілдікті салық режимдері, атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін арнайы салық режимі, шаруа және фермер қожалықтары үшін оңайлатылған бірыңғай жер салығы жұмыс істейді.

2019 жылы өткен жылдардың борыштарын өтеуді есепке алғанда, мемлекеттік қолдау сомасы шамамен 324 млрд. теңгені құрады. 2020 жылға субсидия көлемі 294 млрд. теңгені құрайды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру

Импорт алмастыруға арналған рентабельділігі жоғары дақылдар мен азықтық дақылдар өндіруге басымдық беріп, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мен тұтыну теңгеріміне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.

Бұл ретте, монодақылдар өндіруден рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін 1 гектардан түсетін табысты арттыруға мүмкіндік береді.

Бақ шаруашылығы

Бақтар алаңын 65 мың гектардан 88 мың гектарға дейін ұлғайту және алма мен жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін 395,5 мың тоннадан 684 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Бұл 65 мыңнан 88 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жылыжай өндірісі

Көкөніс жеткізілімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жылыжай алаңы 1236,7 гектардан 1700 гектарға дейін ұлғайтылады. Жабық топырақтағы көкөніс өндіру көлемінің 216,8 мың тоннадан 595 мың тоннаға дейін өсуі бағалардың маусымдық жоғарылауын төмендетуге, 34 мың адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Етті мал шаруашылығы

Мұнда отбасылық фермерлік шаруашылықтар өндіріс моделінің негізі болады. Олар өткізу, оқыту және ветеринариялық қызмет көрсету мәселелерінде бірігеді.

Етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралардың іске асырылуы малшы фермерлердің жаңа сыныбын құруға мүмкіндік береді және фермер шаруашылықтары санының 20 мыңнан 65 мыңға дейін өсуіне, ірі қара мал санының 7,4 млн. бастан 11,2 млн. басқа дейін артуына, қой санының 19,1 млн. бастан 24,3 млн. басқа дейін ұлғаюына, сиыр еті мен қой етін өндіру көлемінің 672 мың тоннадан 902 мың тоннаға дейін ұлғаюына ықпал етеді және ауыл тұрғындарының 100 мыңнан 325 мыңға дейін жұмыс орындарының артуын қамтамасыз етеді.

Сүтті мал шаруашылығы

Сүт секторында жылдам өсімге қол жеткізу үшін Министрлік жыл сайын 600 бастан басталатын 25 өнеркәсіптік тауарлық сүт фермасын және 40 отбасылық ферманы қаржыландырып, іске қосуды ұсынады.

Біздің жоспарымыз бойынша бар-жоғы 5 жыл ішінде сүт белдеуіне кіретін аудандарда 125 өнеркәсіптік кешен іске қосылады, жалпы алғанда, олар 700 мың тоннадан астам қосымша сүт беріп, қосымша 8 мың жұмыс орнын ашады.

Етті құс шаруашылығы

Бағдарлама аясында құс етін өндіру көлемі 5 жылда 2 есеге артып, 530 мың тоннаны құрайтын болады.

Негізгі басымдық өнеркәсіптік фермаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Өндірісті арттыру қарқынын жеделдету үшін инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі кезеңде нақты 11 жоба бар, оның ішінде 8 инвестициялық жоба бойынша құрылыс толығымен жүргізіліп, жыл соңына дейін оларды пайдалануға беру жоспарланып отыр, 3 жоба бойынша біз жобалау және қаржыландыру тетіктерін қарастыру процесіндеміз.

Бұл жобалар бірігіп, ішкі өндіріс көлемін қосымша 163 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді, 3 мыңнан астам жұмыс орнын құрады.

2020 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындық барысы туралы

ҚР АШМ желісі бойынша

2020 жылға арналған ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алаңдарының құрылымы

2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн. гектар алаңға егу жоспарлануда (бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп).

Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,2 млн. гектарды (193 мың гектарға кем), оның ішінде бидай алаңы 11,4 млн. гектарды (4 мың гектарға кем) құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өндіруге көшу жұмыстары жалғасуда, мәселен, майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн. гектарды құрайды, бұл өткен жылғыдан 122 мың гектарға көп. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоп алаңы 19,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 309 мың гектарға ұлғаяды.

Техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) алаңы 132 мың гектарды (18,6 мың гектарға кем) құрайды.

Қазіргі кезде оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісіп кетті, мәселен, Жамбыл облысында 71,7 мың га алаңға немесе жалпы егіс көлемінің 10,2%-ына, Түркістан облысында 33,5 мың га (4,0%),Алматы облысында 3,4 мың га (0,4%), Қызылорда облысында 2,0 мың га (1,1%) алаңға егіс егілді.

Тұқыммен қамтамасыз етілу

Облыстар әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша ағымдағы жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша 2,5 млн. тонна тұқым құйылды, бұл жоспардың 100,4%-ын құрайды, оның ішінде:

?1,9 млн. тонна (жоспардың 101%-ы) дәнді дақылдар тұқымы,

?89,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) майлы дақылдар тұқымы,

?15,4 мың тонна (жоспардың 96%-ы) азықтық дақылдар тұқымы,

?426,4 мың тонна (жоспардың 99%-ы) картоп тұқымы құйылды.

Дәнді дақылдар тұқымы бойынша Ақтөбе облысында (99,7%), майлы дақылдар тұқымы бойынша Шығыс Қазақстан облысында (85%), Қызылорда облысында (87%) және Павлодар облысында (89%) тұқым толық көлемде құйылмаған.

Картоп тұқымы бойынша Қызылорда облысын қоспағанда (0%), тұқым толық көлемде құйылған.

Егіс науқаны басталғанға дейін аталған облыстарда тұқымдардың жетіспейтін көлемін облыс ішінде, республиканың басқа облыстарынан тұқым сатып алу және импорт есебінен толықтыру жоспарлануда.

Фермерлердің отандық және импорттық селекцияның сапалы тұқымдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында субсидиялау тетігін өзгерту жоспарлануда. Субсидияны тұқымды Қазақстаннан алғандар да, шетелдік өндірушілерден тікелей сатып алғандар да ала алады. Ескі тетікте бұл көзделмеген еді.

Элиталық тұқым өсіру шаруашылықтарына бірегей тұқым сатып алған жағдайда қолдау көрсетіледі.

Ағымдағы сәтте құйылған тұқымның жалпы көлемінің 77,4%-ы ғана тексерілді, егіс стандартының талаптарына олардың 56%-ы, оның ішінде 1-сыныпқа 38%-ы, 2-сыныпқа 10%-ы, 3-сыныпқа 8%-ы сәйкес келеді.

Бүгінгі күні дәнді дақылдардың себілетін тұқымдық материалын 100 пайыз өңдеу қамтамасыз етілмейді.

Минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілу

2019 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 470 мың тонна минералды тыңайтқыш (оның 402 тоннасы немесе 85%-ы - субсидияланған тыңайтқыштар) қолданды. Осы мақсаттарға 19 млрд. теңге сомасында субсидия төленді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша тыңайтқыштарды қолдану көрсеткіші ғылыми қажеттіліктің 18%-ын құрады.

Облыстардың жергілікті бюджеттерінде 2020 жылға 23,3 млрд. теңге көзделген, бұл шамамен 480 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда барлық өңірлерде дерлік субсидиялар нормалары бекітілмеген.

Осыған байланысты, көктемгі дала жұмыстары маусымында ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін тыңайтқыштармен толықтай қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдіктеріне субсидиялар тізбесі мен нормаларын бекітуді жеделдетуді ұсынамыз.

Өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануға келер болсақ, өткен жылы барлық егіс алаңы гербицидтермен өңделгенін атап өту керек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 27,4 млрд. теңге субсидия сомасына 13,3 млн. литр гербицид қолданды.

Ағымдағы жылдан бастап гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа түрлері де субсидияланатын болады.

Облыстардың жергілікті бюджеттерінде 2020 жылға пестицидтерді субсидиялауға 30,8 млрд. теңге көзделген.

Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы

2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республиканың агроөнеркәсіптік кешенінде 143 мың трактор, 4 мың өнімділігі жоғары егіс кешені, 78 мың тұқымсепкіш және 243 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Облыстар әкімдіктерінің деректеріне сәйкес 15 наурыздағы жағдай бойынша ағымдағы жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 94%-ды, егіс кешендерінің дайындығы 100%-ды, тұқымсепкіштердің дайындығы 93%-ды, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 95%-ды құрайды.

Жұмыстарды бастауға техника дайындығы 100%-ды құрайды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жұмысында ұзақ кідірістерді болдырмау мақсатында жөндеу бригадалары қалыптастырылады. Сервистік компаниялармен олардың көшпелі сервисін күшейту, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

Жанар-жағармаймен қамтамасыз етілу

Ағымдағы жылы Энергетика министрлігімен келісім бойынша ақпан-маусым айлары аралығында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 387 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Күрделі ауа-райы жағдайларын ескере отырып, біздің қосымша 10 мың тонна дизель отынын бөлу туралы өтінішімізді Энергетика министрлігі қолдады, бұл барлық өңірлердің дизель отынына деген қажеттілігін толық көлемде өтеуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта өңірлердің операторлары шарт жасасу және наурыз айына бөлінген дизель отыны үшін төлем жасау рәсімдерін жүргізуде.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру

"Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамына агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 70 млрд. теңге бюджеттік кредит бөлінді, бұл әдеттегіден 10 млрд. теңгеге көп. Түпкілікті қарыз алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-дан аспайды.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беруді екінші деңгейдегі банктердің кепілдігімен тікелей Корпорация арқылы жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ кредит беруді одан әрі агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландыру үшін өңірлік инвестициялық орталықтардың кепілдігімен екінші деңгейдегі банктерді, кредиттік серіктестіктерді, өңірлік инвестициялық орталықтарды және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы да жүзеге асыру көзделіп отыр.

3 млн. га егіс алаңын қаржыландырумен қамту, 2 400 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге кредит беру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 56 млрд. теңге сомасына 1 516 өтінім қабылданды, 22,9 млрд. теңге сомасына 1,4 млн. га алаңды қамтитын 258 өтінім қаржыландырылды.

Көктемгі дала жұмыстарын жаппай жүргізу кезіндегі барлық бағыттар бойынша дайындық 100%-ды құрайды.

Күзгі-қысқы кезеңде ылғал жинау

Гидромет қызметінің деректері бойынша топырақтың жоғарғы қабатындағы күзгі ылғалдың нақты қоры 2019 жылғы деңгейден жоғары.

Елдің солтүстігінде қар жамылғысының биіктігі 4-60 см, солтүстік-батысында - 4-36 см, батысында 5-12 см, орталығында 6-47 см, шығысында 4-126 см, оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарында 1-59 см.

Ағымдағы жылы топырақтың 1 метр қабатындағы көктемгі өнімді ылғал қоры 105 мм және одан жоғары деңгейде болады деп күтіліп отыр, бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуі мен дамуына оңтайлы әсер етеді.

ҚР ҰЭ желісі бойынша

2020 жылы көктемгі егін жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2020 жылы жүргізілетін егін жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту Кестесін бекітті. Осы Кесте шеңберінде АШТӨ қажеттілігі 387 мың тонна көлемінде бекітілді (2019 жылы 380 мың тонна деңгейінде бекітілген болатын).

АШТӨ үшін МӨЗ-дерден дизель отынын тиеп-жөнелту бірінші кезекте тұр. Бұл ретте тиеп-жөнелту тәулік сайын бақыланады және оған мониторинг жүргізіледі.

2020 жылы жүргізілетін егін жұмыстары үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 194 мың теңгені құрады (литріне 161 теңге) (FCA шарттарында - тиеп-жөнелту станциясы). Жеткізу мен сақтауды есепке алғанда АШТӨ үшін болжамды баға литріне шамамен 180 теңгені құрауы тиіс, ол жанар-жағармай станцияларындағы бағалардан 13 теңгеге арзан (193 теңге / литр).

Энергия көздеріне әлемдік баға белгіленімдерінің төмендеуі аясында көктемгі егін жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының бағасы тоннасына 194 мың теңгеден (литріне 161 теңге) тоннасына 184 000 мың теңгеге дейін төмендетілді (ӨӨС-ты өоса алғанда) (FCA шарттарында - тиеп-жөнелту станциясы). Жеткізу мен сақтауды есепке ала отырып АШТӨ үшін болжамды баға литріне шамамен 172 теңгені құрауы тиіс, яғни бұл жанар-жағармай станцияларының бағаларынан 21 теңгеге арзан (193 теңге / литр). Бұл баға тек наурыз айына ғана ұсынылды, кейіннен АШТӨ үшін дизель отынның бағасы сол кезеңде нарықта қалыптасқан конъюнктураны ескере отырып есептелетін болады.

Күні бұрын шарт жасасып және төленіп қойылған, бірақ тиеп-жөнелтілмеген көлемдерге қайта есептеулер жүргізілетінін ерекше атап өтеміз. Бұл ретте, осы норма тиеп-жөнелтіліп қойған көлемдерге қолданылмайды.

Егер аймақта біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде ұсынылғаннан төмен баға бойынша ұсыныстары болса, онда операторлар дизель отынын кестеден тыс сатып алуына толық құқылы.

Министрлік көктемгі егін жұмыстарын тұрақты өткізу үшін жан-жақты шараларды қабылдауда.

Жыл басынан бері 15,1 мыңнан астам азамат жұмысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алды

2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 15 137 азамат жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем алатын болды.

Қазақстанда жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және 2005 жылдан бастап енгізілген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі - МӘСҚ) қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлем жұмыссыз ретінде тіркелген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады.

Бұл ретте төлем жүйеге қатысу мерзіміне және соңғы 24 айдағы кірісіне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.

Ағымдағы жылғы 1 наурызға 15 137 азамат жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге төлем алды, орташа мөлшері 41 418 теңгені құрады.

Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жұмыс істеген 15 жыл ішінде МӘСҚ-тан төлемнің осы түріне 19,7 млрд теңге бөлінді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны