25.01.2013, 12:55 3199

Қарағанды облысында көпірлік және мосылық жүккөтергіш крандар өндірісі ашылмақ

"Отырыста Индустриаландыру картасына енгізуге ұсынылған "Көпірлік және мосылық жүккөтергіш крандар өндірісі" жобасы қаралды. Оны "Оптим-кран Казахстан" БК ЖШС директоры Евгений Лисицын таныстырды", - делінген облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Астана. 25-қаңтар. Kazakhstan Today - Қарағанды облысы әкімшілігінде өңір әкімі Ибілғазы Құсайыновтың төрағалық етуімен үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Отырыста Индустриаландыру картасына енгізуге ұсынылған "Көпірлік және мосылық жүккөтергіш крандар өндірісі" жобасы қаралды. Оны "Оптим-кран Казахстан" БК ЖШС директоры Евгений Лисицын таныстырды", - делінген облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жобаның мақсаты - еуропалық жобалау мектебінің тәжірибесін қолдана отырып, әлемдік және салалық талаптарға сай келетін көпірлік және мосылық жүккөтергіш крандар өндірісін ұйымдастыру болып табылады. Жобаның құны - 390 млн. теңге, жобалық қуаттылығы - жылына 50 кран. 150 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жүзеге асыру мерзімі - 2013-2015 жж. Бүгінгі күні жобаны жүзеге асыру орнында өндірістік алаңдар тазартылып, коммуникациялар дайындалды, цехтардың ішкі жұмысында пайдаланылатын крандар өндірісіне әзірлік жүргізілуде.

Мұндай өндірісті құру қажеттілігіне еліміздің басқа өңірлеріндегідей Қарағанды облысында да көптеген кәсіпорындардағы кран шаруашылығының 30 жылдан аса уақыт бойы жаңартылмай келгендігі себеп болып отыр. Ал, олардың қызмет көрсету мерзімі 25 жылды құрайды.

Отырыста "Бизнестің Жол картасы - 2020" бағдарламасы шеңберінде кредит бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға өтініш білдірген жобалар талқыланды. Атап айтқанда, "Экостройсервис" АҚ "Жаңа құрылыс материалдарының өндірісі", "ГЕОМАШ" Қарағанды инструменталды арматуралық механикалық зауыты" ЖШС өндірістік қуаттылығын арттыру үшін өндірістік базасын кеңейту, "TRUCK" ЖШС "Кен тасымалы үшін арнайы техника сатып алу" және "ТехАвто ЛТД" ЖШС "Карьерлік техникаларды сатып алу" жобалары қарастырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша Ибілғазы Құсайынов кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына мақұлданған жобалар тізімін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры мен екінші деңгейлі банктерге субсидиялау келісім-шарттарын жасау үшін жолдауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны