18.10.2011, 14:16 3567

Қарағанды облысында өтетін үш күндік ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 760 тоннадан астам өнім сату жоспарланған

Биылғы жылы бұл жәрмеңкелер 22, 29 қазан және 5 қараша күндері Қарағанды қаласында (Ленин көшесінде), сондай-ақ Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қаражал, Саран және Шахтинск қалаларында өтетін болады.

Қарағанды. 18-қазан. Kazakhstan Today - Қарағанды облысында өтетін үш күндік ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 760 тоннадан астам өнім сату жоспарланған, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, облыс әкімі Серік Ахметов өткізген жұмыс кеңесінде жыл сайынғы ауыл шаруашылық тауарларының "Ауыл-Береке" жәрмеңкесін өткізу мәселесі қаралған.

Биылғы жылы бұл жәрмеңкелер 22, 29 қазан және 5 қараша күндері Қарағанды қаласында (Ленин көшесінде), сондай-ақ Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қаражал, Саран және Шахтинск қалаларында өтетін болады.

Қарағандыға өз өнімдерін Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының ауыл шаруашылық тауар өндірушілері әкелмекші.

Жәрмеңкенің алғашқы күні 22 қазанда облыс орталығына 26 тонна ет, 7 тонна сүт өнімдері, 135 тонна картоп, 80 тонна көкөніс, 120 мың дана жұмыртқа және басқа да өнім түрлері шығарылады. Сонымен қатар Қарағанды қаласы кәсіпорындарының өнімдері де (ұн, нан өнімдері, тары, қант т.б.) сатылатын болады.

Қарағанды мен облыстың басқа да қалаларына жәрмеңкенің үш күнінде жеткізілетін өнімнің жалпы көлемі алдын-ала деректер бойынша төмендегідей болады деп жоспарлануда: ет - 86 тонна, сүт өнімдері - 30 тонна, картоп - 410 тонна, көкөніс - 240 тонна, жұмыртқа - 320 мың дана.

Ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Ниханбай Омархановтың атап өткеніндей, бұның бәрі жоспарланып отырған өнім көлемі, әрі жәрмеңкенің алғашқы күнінен кейін сұранысқа қарай өзгеруі әбден мүмкін.

Қарағандыда өтетін жәрмеңкедегі сауда 90 палаткада ұйымдастырылады, 20 палатканы қайта өңдеу кәсіпорындары иемденса, қалған 70-і селолық аудандардың үлесіне тиеді. Картоп пен көкөністер автомашиналардан сатылатын болады.

Өнім бағасы өткен жылдардағыдай нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен болмақшы.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Серік Ахметов бірқатар тапсырмалар берді, оның ішінде ауыл шаруашылық өнімдерін бекітілген көлемде және мерзімде жеткізу, сондай-ақ сатылатын өнімдердің ветеринарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне жете көңіл бөлуді тапсырды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны