26.02.2008, 13:43 2822

Кәрім Мәсімов Бейнеу - Бозой - Самсоновка газ құбырының құрылысын қаржыландыру схемасын екі айда жасауды тапсырды

Кәрім Мәсімов Бейнеу - Бозой - Самсоновка газ құбырының құрылысын қаржыландыру схемасын екі айда жасауды тапсырды

Астана. 26 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Бейнеу - Бозой - Самсоновка газ құбырының құрылысын қаржыландыру схемасын екі айда жасауды тапсырды. Ол бүгін өткен үкіметтің отырысында осылай деді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Мен бұл жобаны қаржыландырудың үш түрлі жолын қарастыруды тапсырамын: бюджет қаржысы есебінен толық қаржыландыру; мемлекеттің кепілдігімен "ҚазМұнайГаз" несиесі немесе мемлекет пен жеке меншіектің әріптестігі арқылы", -деді Кәрім Мәсімов.

Бұған қоса үкімет басшысы "Өріктау" газ кенішін ҚазМұнайГаздың балансына беруді бір айда шешуді тапсырды. "Бұл жоба елімізге қажет болғандықтан, біз оны орындауға міндеттіміз", -деді премьер.

Оның айтуынша, Қазақстанның батыс өңірін оңтүстікпен қосатын газ құбырының жобасын жүзеге асыру еліміздің оңтүстік өңірін өз газымызбен қамтамасыз етуге және Өзбекстан мен Түрікменстаннан келетін газға тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік береді.

Үкіметтің отырысында сөз сөйлеген ҚазМұнайГаз президенті Ұзақбай Қарабалиннің сөзіне жүгінсек, газ құбырының бірінші кезегі батыстан еліміздің оңтүстік өңіріне жылына 5 млрд текше метрге дейін, ал екіншісі 10 млрд текше метрге дейін газ тасымалдауға мүмкіндік береді. Осы орайда оның есебінше, 2020 жылы еліміздің оңтүстік өңірлерінің газға деген сұранысы 8,5 млрд текше метрге жетпек.

Газ құбырының ұзындығы 1,5 мың шақырымға тең. 5-10 компрессорлық станция салу көзделген. "Жоба әлеуметтік бағытта. Ол коммерциялық тұрғыда пайдасыз, оны жүзеге асыру еліміздің оңтүстік өңірлеріне тұрақты газ жеткізуді қамтамасыз етуге жол ашады", - деді Ұ. Қарабалин.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны