24.11.2006, 13:42 2922

Қаржы министрі өзі басқаратын мекеменің басты мақсатының бірі - елімізге енгізілетін тауарларды шынайы есепке алуға қол жеткізу деп санайды

АСТАНА. 24-қараша. Kazakhstan Today. "Қазір біз Қытаймен, сондай-ақ, өзіміз бүгінде бірлескен өткізу бекеттерін құрып жатқан Ресеймен болашақта тығыз байланыс орнату арқылы елімізге енгізілетін тауарларды шынайы есепке алуға қол жеткізу үшін күш салып жатырмыз". Бұл туралы еліміздің қаржы министрі Наталья Коржова кеше өзі басқаратын мекеменің алқа мәжілісі барысында өткізілген баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен ҚХР арасындағы тауар айналымына қатысты статистикалық мәліметтердің жылына орта есеппен 3 млрд. долларға айырмашылықта болып шығу жағдайын үкімет пен қаржы министрлігінің назарына бірнеше мәрте салған болатын, деді министр.

Оның айтуынша, статистикаға қатысты проблемалар Кәрім Мәсімов басқарған еліміз өкілдерінің жуырдағы ҚХР сапары кезінде талқыланды. "Қытай жағы 4-6-желтоқсанда біздің кедендік бақылау комитетімен бірлесіп ішкі комитеттің кезекті отырысын өткізуге уәде берді. Онда статистикалық мәліметтердің алшақтығын жоюға, сондай-ақ, тараптардың осыған түрткі болатын процедураларын үйлестіруге нақты шаралар қолдану жайы талқыланады",- деді Н.Коржова.

Қаржы министрінің пайымдауынша, статистикалық мәліметтердің айырмашылығына Қазақстанда күні бүгінге дейін енгізіліп жатқан тауарлар мен олардың бағасына қатысты тұрақты электрондық мәліметтер базасының болмауы, бүгінге дейін шынайы электрондық декларациялаудың жоқтығы, соның салдарынан трансферттік баға қалыптасуға қатысты ақпараттың жоқтығы әсер етуде.

"Ал бұл сайып келгенде елімізде белең алған көптеген тауқыметтердің түпкі себебі. Қазір біз мемлекеттік бағдарлама аясында елімізде салынған баспана неге қымбат деген өзекті мәселені талқылап жатырмыз. Ал құрылыс компанияларына жүргізген тексерулер көрсетіп бергеніндей, құрылыс бизнесімен шұғылданатындар шығындарының өзіндік құнын, құрылыс материалдарының бағасын аспандата көрсетеді. Іс жүзінде олар материалдарды шетелдерден арзан бағаға әкеледі. Бірақ оны декларацияда көрсетпей, контрабандалық жолмен тасиды",- деді Н.Коржова.

Министрдің айтуынша, қазір мекеме жиҺазға қатысты тақырыптық тексеуді бастады. "Қазақстанда жиҺазға сұраныс үлкен екені әмбеге аян. Бірақ оның елімізде сатылатын бағасы мен Қытайдан сатып алынатын бағасы үлкен айырмашылықта",- деді ол. Н.Коржованың пайымдауынша, "қаржы полициясы, кеденшілер мен салық қызметкерлерімен бірлескен кешенді тексеру нәтижесінде еліміз статистиканы дұрыстауға, салық төлеушілерді дұрыс есепке алуға, құрылыс салушылардың шынайы шығындарын білуге, бюджет түсімдерін толықтыруға, соның нәтижесінде салық төлеушілер базасының аясын кеңейту арқылы салық ставкаларын төмендетуге қол жеткізбекші".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны