15.03.2007, 14:14 3350

Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. 15-наурыз. Kazakhstan Today. Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

"Бақылау шараларының қорытындысы бойынша Бюджеттік кодекс пен мемлекеттік сатып алу заңының нормаларын сақтамау деректері анықталып отыр",- деп атап өтті баспасөз қызметіндегілер. Атап айтқанда, мекеменің мәліметтеріне сүйенсек, Қостанай облысында дербес қаржыландыру кәсіпорындарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру жағдайлары болған. "Шығынды жұмыс істейтін кәсіпорындардың қарыздары белгілі мөлшерде жергілікті бюджет есебінен жабылып отырған",- деп түсіндірді министрліктегілер.

Сондай-ақ, активтер мен коммуналдық меншіктерді тиімсіз пайдалану деректері де белгілі болды. Мемлекеттік сатып алу туралы заң нормаларының экономиканың қандай да бір саласындағы тәжірибелі тасымалдаушыларды байқау процедураларына өткізу бөлімінде де бірқатар заң бұзушылық жағдайлары кездеседі.

Оңтүстік Қазақстан облысында бюджет қаржысын тиімсіз пайдалану, материалдық құндылықтарды заңсыз беру және негізсіз есептен шығару, дебиторлық қарыздарды қысқарту деректері анықталды.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, ең көп заң бұзушылықтар тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық пен құрылыс саласында анықталған. Яғни, Оңтүстік Қазақстан облысының құрылыс департаменті орташа мерізімді жоспармен қарастырылмаған және 2006 жылғы облыстық инвестициялық жобалар тізіміне кірмеген орман шаруашылығының үш нысанының құрылысына келісім шарт жасаған. Аталмыш нысандар бойынша жалпы сома 38,5 млн теңгені құрап отыр. Жалпы осы салада 303,2 млн теңгені құрайтын заң бұзушылықтар анықталған. Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінде 36,1 млн теңге сомасындағы бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану дерегі анықталып отыр.

"Бақылау нәтижесі бойынша облыс әкімдеріне заң бұзушылықтарды жою және оларға жол беруге қатысты тұлғаларды жазалау жөніндегі нұсқама жіберілді",- деп түсіндірді Қаржы министрілігінен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны