01.12.2012, 17:20 5340

"ҚазАгроИнновация" биыл 3 мың тауар өндірушіні оқытты

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, 2012 жылдың басынан "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамындағы Білім тарату орталықтарында 3000 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші оқытылды.

Астана. 1-желтоқсан. Kazakhstan Today - "ҚазАгроИнновация" биыл 3 мың тауар өндірушіні оқытты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, 2012 жылдың басынан "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамындағы Білім тарату орталықтарында 3000 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші оқытылды.

Бұл туралы "ҚазАгроИнновация" акционерлік қоғамында 2012 жылғы қызмет қорытындылары бойынша Білім тарату орталықтарының есептерін тыңдау барысында мәлім болды. Аталмыш кеңеске Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, "ҚазАгроИнновация" АҚ және Неміс Аграрлық Орталығының өкілдері қатысқан болатын.

Ұсынылған есепке қарағанда, 2012 жылы барлығы 96 оқыту семинары өткізіліп, 3000-нан астам агроөнеркәсіп субъектілері оқытылған. Семинарлардың 55 пайызы өсімдік шаруашылығы, 33 пайызы мал шаруашылығы, 7 пайызы аграрлық менеджмент, 5 пайызы балық шаруашылығы бойынша жүзеге асты. Бұдан бөлек, ресурс үнемдейтін технологиялар, майлы және бұршақ дақылдарын өсіру, сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығы бойынша семинарларға Аргентинаның, Австралияның, Украинаның, Германияның және Ресейдің лекторлары қатысты. 1964 рет қашықтан консультация беру және шаруашылықтарға ісссапармен барып 2421 рет тікелей консультация беру жүзеге асырылды.

Еске сала кетсек, "ҚазАгроИнновация" АҚ қызметінің негізгі бағыттарының бірі кәсіпкерлік секторға тиімділігі жоғары ғылыми әзірлемелерді енгізу болып табылады. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен 2009 жылдан бастап Қазақстанның аграрлық өнеркәсіп кешені саласында білім тарату жүйесін дамыту бойынша жоба іске асырыла бастаған болатын. Қазіргі уақытта "ҚазАгроИнновация" АҚ ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік-эксперименттік ұйымдары базасында 10 білім тарату орталығы жұмыс істейді. Сонымен бірге, "Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ҒЗИ" ЖШС базасында халықаралық Неміс Аграрлық Орталығы құрылған.

"2013-2015 жылдарда Жамбыл, Батыс Қазақстан, Павлодар, Атырау, Ақтөбе және Ақмола облыстарында тағы да 6 Білім тарату орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Осылайша, 2015 жылға дейін 16 Білім тарату орталықтары құрылып, бұнымен Қазақстанның бүкіл өңірлері қамтылмақ", - делінген баспасөз айғағында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны