23.02.2009, 16:14 4148

"ҚазАгроҚаржы" 2009 жылы қазақстандық ауыл шаруашылық техника өндірісіне 500 млн. теңге көленмінде қаражат жұмсайды

"ҚазАгроҚаржы" 2009 жылы қазақстандық ауыл шаруашылық техника өндірісіне 500 млн. теңге көленмінде қаражат жұмсайды

Астана. 23 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - 2009 жылы "ҚазАгроҚаржы" компаниясы арқылы АӨК қажетіне ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу мақсатына бөлінген 500 млн. теңге бюджеттік қаражат тек қана қазақстандық өндірістер шығарған ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуға жұмсалатын болады. Бұл жөнінде Астана қаласында өткен Қазақстандық тауарлар мен қызметтер өндірушілерінің жалпы ұлттық форумы барысында "ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасы Дулат Айтжанов мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі компанияның баспасөз хатшысы Ринат Тасболатовқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2000 жылдан бері компания әртүрлі көздер арқылы ауылға жалпы сомасы 130 миллиардтан астам теңгеге 13 мыңнан артық техника сатып алуды қаржыландырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша ауыл шаруашылық машина жасауда Қазақстанның машина жасау кәсіпорындарының 122 жұмылдырылған. Оның 70 - жөндеу-қалпына келтіру бағытындағы, 52 - машина жасау бағытындағы кәсіпорындар. Он кәсіпорын - тракторлар, комбайндар, дестелегіштер, сепкіштер, топырақ өңдегіш құралдар (қопсытқыштар, сыдыра жыртқыштар, соқалар, тырмалар), мал азығын дайындауға арналған құралдар, өсімдіктерді қорғауға арналған машиналар (бүріккіштер, тұқым дәрілегіштер), сондай-ақ, басқа да ауыл шаруашылығына қажетті техникалар, құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сияқты түпкілікті өнім өндірушілері болып табылады.

Биылғы жылдың басынан бастап отандық тауар өндірушілерге қолдау жасауға байланысты іс-шаралар шеңберінде, сонымен қатар ауыл шаруашылық техникаларын сатып алуда қазақстандық өндіріс техникаларының санын арттыру мақсатында "ҚазАгроҚаржы" ауыл шаруашылық мақсаттарына арналған техникалар өндіруге бағдарланған қазақстандық кәсіпорындардың бірқатарымен келіссөз жүргізді. Астана қаласында 23 ақпанда өткен Қазақстандық тауарлар мен қызметтер өндірушілерінің жалпы ұлттық форумы барысында жалпы сомасы шамамен 1 млрд. теңгеге жасалған шарттар мен келісімдер - сол жүргізілген келіссөздердің нәтижесі болып табылады.

Мысалы, К-744 Р1 тракторлары шығарылатын қостанайлық "Агротехмаш" ЖШС-мен жасалған шарт талаптарына сәйкес "ҚазАгроҚаржы" 20 "Кировец" тракторларын сатып алмақшы. Мамандардың айтуынша, жаңа техникаға жақсы техникалық сипаттама беруге болады және де олар Қазақстан нарығында сұраныста.

Отандық ауыл шаруашылық машина жасау ісіне қолдау жасау және оны дамыту саласында өзара ынтымақтастық туралы Қостанайдағы астық жинау техникасын құрастыру өндірісін жөнге салған "Агромашхолдинг" АҚ-мен келісімге қол қойылды. Бұл кәсіпорыннан "ҚазАгроҚаржы" астық жинау науқанына қарай кейін ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге лизингке табыстау үшін комбайндар сатып алуды жоспарлап отыр.

2009 жылдан бастап ауыл дихандарына әйгілі "Беларусь" тракторын құрастыру өндірісі жұмысын бастамақшы. Бұл техника Қазақстанның егіс алқаптарына "ҚазАгроҚаржы" желісі бойынша да жеткізілетін болады.

"Ауыл шаруашылық техника зауыты" ЖШС-мен жасалған келісім қазақстандық ірі жер иеленушілерін КЖВП-9.1 "Қызыл-Жар" дестелегіштерімен қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты көздеп отыр. Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан зауыт - "ҚазАгроҚаржының" ертеден келе жатқан серіктесі, ал оның өнімі болса, қазақстандық лизинг алушыларда үлкен сұраныста.

Жасалған келісімдердің негізгі шарттарының бірі - кәсіпорындар өндіріске жергілікті еңбек ресурстарын жұмылдыруға, сонымен қатар ілеспе тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді қазақстандық өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алуға міндеттеніп отыр.

"ҚазАгроҚаржы" АҚ - 1999 жылы Үкімет қаулысымен құрылған компания. Негізгі мақсаты - ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге қаржы қаражаттарын, сондай-ақ, лизинг негізінде ауыл шаруашылық техникалары мен технологиялық жабдықтарды алу мүмкіндігін беру арқылы республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау. "ҚазАгро" Ұлттық холдинг" құрылымына енеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны